Русский Сайттың толық нұсқасы

Батысқазақстандық шенеуніктердің тұрғын үйді кезексіз бергені анықталды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2017
  • 2102

Ел намысын түрлі халықаралық жарыстарда қорғап жүрген мүгедек спортшыға кезексіз үй берген батысқазақстандық шенеунік қызметінен қуылмақ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері осындай шешім қабылдады. Қазір Бөрлі ауданында 700-дей адам пәтер кезегінде тұр. Осыған қарамастан, тұрғын үй комиссиясы мүгедек спортшыға кезектен тыс баспана берген. Шенеуніктер спортшының апатты күйдегі үйде тұрып жатқанын алға тосса да, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жауаптыларды қызметінен босату жөн деп шешті.

Пәтерді кезексіз тарату облыстың Жаңақала ауданында да кездескен. Бұл ауданда 132 адам пәтер кезегінде тұр. Бірақ аудандық тұрғын үй комиссиясы баспанасы бар әкімдік қызметкеріне кезексіз үй беріп жарылқаған. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтірген шенеуніктердің мұнысы қызметіне сай емес деп ескерту беріп, тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

Болат Исақов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігінің БҚО департамент басшысы:

Жаңақала ауданында меншігінде баспанасы бар бюджеттік сала қызметкерлеріне мемлекет есебінен үй берілген. Мұндай жағдай Бөрлі ауданында да тіркелді. Аудандағы тұрғын үй комиссиясының мүшесі, әрі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызмет бабын пайдаланып, еңбек өтілінің аздығына қарамастан, өзіне үй алған.  Оның мемлекеттік қызметке сай еместігі туралы ұсынба жасалды.