Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысында көлік пен «КамАЗ» соқтығысып, бір адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2024
  • 293

Павлодар облысында жан түршігерлік жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, оқиға 8 қараша күні түнде Қызылорда – Павлодар тасжолында, Ақсу қаласына қарасты Қалқаман ауылының маңында болған.

«8 қарашада түнгі уақытта Nissan Qashqai көлігінің жүргізушісі Қызылорда – Павлодар тасжолында сағатына 160 км жылдамдықпен қозғалып, көмір тиелген тіркемесі бар «КамАЗ»-ға соғылды. Жол-көлік оқиғасынан Nissan көлігінің жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Жүргізуші мен олардың кәмелетке толмаған баласы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтауды еске салады. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, 7 жасқа дейінгі балалар арнайы автокреслода тасымалдануға тиіс.

Полиция департаментінің дерегінше, жыл басынан бері өңірде жылдамдықты асырғаны үшін 54,5 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 100-ден астам адам балаларды арнайы қауіпсіздік құрылғыларын қолданбай тасымалдағаны үшін жазаланды.