"Үйленбеу – күнә". Осылай деген дінтанушы отбасын құруға асықпайтындарды сілкіп алды. Мұхамеджан Тазабек бойдақтардың не ауру, не күнәһар екенін айтады. Бұл жұрттың қитығына тиіп кеткен-ау, көбі «айды аспаннан шығармай, өз ісіңді біл" деп жауап берген. Мәселе қайдан шықты? Танымал тұлғаның бұлай деуіне не түрткі болды? Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Қазіргінің жастары асықпаған арбамен қоян алады дей ме, әйтеуір үйленуге асықпайды. Бұрын ата-бабаларымыз 13-те отау иесі дейтін. Бертін келе бұл пікір өзгеріп, көп жас отбасылы болуды ойламайтын да болды. Бұл - Мұхамеджан Тазабектің пікірі. Танымал дінтанушы мұндай азаматтардың не ауру, не күнәға батқан адам екенін айтты.
Қазір бойдақтар «шашымның санап әр ағын, отыздан асып барамын» деп әндетіп үйленеді. Оған дейін "жалғыздың шаңы шықпасын" ойламайды. Отбасын құруға асықпайтындардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары. Психолог жастардың жанұялы болудан қашуына жауапсыздық себеп екенін айтты.
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Адам еркіндіктен айырылғысы келмейді. Сонымен бірге – қорқыныш. Материалдық жағынан отбасымды асырай алмаймын деген қорқыныштың бірі. Өйткені отбасын құрғаннан кейін бала өмірге келеді. Ал көбісі отбасын құрған азаматтар осы жағынан баламды асырай алмаймын, отбасыма керекті дүниені ала алмаймын деп азаматтық некені таңдап жатады.
Соңғы он жылда некеге тұрғандардың саны 164 мыңнан 128 мыңға азайған. Салдарынан бала туу көрсеткіші төмендеді. 2050 жылға дейін қазақстандықтардың саны 24 миллионға жетеді деген болжам айтылып жүр. Бірақ Тазабек айтпақшы «күнәға батқандар» көбейе берсе ел демографиясы оңалады дегенге сену қиын.
НҰРЛАН ӘУЕСБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мәселе бұл. Еліміздің дамуына. Ал біз айтамыз экономика деп. Дамытамыз. Бірақ адам керек қой бізге, адам. Сапалы, саналы, денсаулығы мықты, здоровый адам керек.
Бойдақтарға шүйліккен тек Тазабек емес. Халық батыры Бауыржан Момышұлы да «жиырмаға келіп үйленбеген жігіт – халық жауы» деді емес пе?! Ендеше күнәһар атанып, халық жауы болмай тұрғанда теңімізді табуға асығайық.