Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар бокстан әлем чемпионы Өнер Сейілханға ат мінгізді

Оралдық боксшы Өнер Сейілхан жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, чемпион атанды. Көк байрақты көкке көтеріп, Әнұранымызды әлемге паш еткен жас қыранды жерлестері құрметпен қарсы алды. Ат мінгізді. Толығырақ тілшіміз Еркін Карин айтады. 

Биыл Өнер халықаралық сайыста топ жарды: Азия жастар чемпионатының алтын медалі мен Еуразия Кубогының қола жүлдесін иеленді. Әлем мықтылары қолғап түйістірген соңғы сын да оңайға түспеген.

ӨНЕР СЕЙІЛХАН, БОКСТАН ЖАСТАР АРАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Бес қарсыласпен шықтым. Бесеуі де оңай емес. Бесеуі өз елдерінде мықты болды. Жекпе-жек сайын ашылып, одан да жақсы істеп шықтық финалды. Жақсы өтті бәрі.

АЙГҮЛ ҒАНИЕВА, АНАСЫ:

Қорықтым, уайымдадым. Жыладым, жартысын қарадым, жартысын қараған жоқпын. Бірақ балама сендім!

Бапкерлер де жас шебердің әуесқой бокс әлемінде қадамы нық екенін айтады.

САТТАР СҰЛТАНҒАЛИЕВ, БОКСТАН БҚО ҚҰРАМАСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Барлық кездесулерін тамаша өткізді. Тактикалық, техникалық... Бапкердің, ұлттық құраманың бапкерінің айтқанын тыңдап, бала өте жақсы өткізді. Қазақстаннан барған бокшсылар барлығы жақсы өнер көрсетті. Өнер Сейілханның кездесуіне ерекше тәнті болдым. Болашақта осылай ересектер арасына өтіп, жетістікке жете беруіне тілектеспіз.

Айтулы бәсекеде Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет жалпы есепте 1-орынды иеленіп, ел қоржынына 6 алтын, бір күміс, 10 қола түсті.