Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ашылды. Оған Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы барды. Үкімет басшысы ішкі және халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсету үдерісімен танысты. Ауданы 7 500 шаршы метр терминал телескопиялық баспалдақтар, қол жүгін тексерудің автоматтандырылған жүйесі және басқа да озық технологиялармен жабдықталған. Жобаны іске асыруға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, әуежай аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Айта кетейік, жаңа терминалды іске қосу әуе айлағының өткізу мүмкіндігін 7 есеге – жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін арттырады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысының Сыр еліне деген ықыласы ерекше. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы терминал салынып жатқанда да арнайы келіп осы әуежайдың халықаралық стандарттарға сай болу керектігін қатаң тапсырған болатын. Көріп отырғаныңыздай 2 жылға жуық уақыт ішінде заманауи үлгідегі жайлы көрікті терминал бой көтерді.