Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде ауыл мектебінің қазандығынан ақау шығып, оқушылар онлайн білім алып жүр

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2024
  • 150

Ырғыз ауданы Құйлыс ауылында мектеп оқушылары екі күннен бері онлайн оқып жүр. Себебі жылыту қазандығында насос жанып кетті,-деп хабарлайды Қазақпарат. 

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйлыс ауылындағы мектеп бұған дейін көмір арқылы жылытылды. Биыл қазандықты электр тогына ауыстыру жоспарланған.

— Токты трансформатордан қазандыққа жалғады. Сол кезде насос жанып кетті. Балалар онлайн оқуға жіберілді. Бұзылған насос жөнделді. Оны іске қосқан кезде сабақ штаттық режимде жалғасады, — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ләззат Урдабаева.

Құйлыс ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепте барлығы 121 оқушы бар. Олар екі күн бойы сабақты онлайн оқыды.

— Биыл ақпан айында екі қазандықтың бірі істен шықты. Наурыз айында бір ғана қазандықпен жылытып, сәуірде тасқынға байланысты эвакуация жүрді. Аудан әкімі токқа айналдырамыз деп айтты. Шешім қабылданды. Бірақ 11-31 қазан аралығында көмір жақтық. Содан кейін балалар бірінші тоқсанда демалысқа кетті. Сол кезде қазандық токпен жылытуға қосылды. Кешегіде ақау шығып, екі күнде қалпынп келтірілді. Қазір температура қалыпты. Мектеп екі қабатты. Биыл балабақшаны қосып жіберді. Оқушылар мен тәрбиеленушілер екі бөлек есікпен кіреді, — деді Құйлыс жалпы білім беретін орта мектеп директоры Ғазиз Самат.

Оның айтуынша, жылыту қазандығында екі насос бар. Оның бірі істен шықса, екіншісімен жылу беруге болады. Жылыту қазандығын көмірден токқа ауыстыру жұмыстары неліктен жазда жүргізілмегенін директор нақты айта алмады.

— Қаржылық сұрақтарға мен жауап бере алмаймын. Бірінші тоқсандағы 11 күнде көмір жақтық. Ол үшін 27 тонна көмір берді, — деді Ғазиз Самат.