Русский Сайттың толық нұсқасы

Ливаннан Сирияға 7 мыңнан астам жүкті әйел пана іздеп барды

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2024
  • 197

Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы жарты млн ливандық Сирияға бассауғалап барды. Босып келгендердің дені – жүкті әйелдер. Сирия билігі оларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін шекара бекеттеріндегі емдеу орындарының санын көбейтті. Бұл бастамаға БҰҰ қолдау көрсетіп отыр.

Бұл – Сириядағы "Эль-Арида" медициналық орталығы. Мұнда ем алуға тәулігіне мыңдаған ливандық келеді. Олардың басым бөлігі – жүкті әйелдер. Олар қонысын тастап қақтығыстан қашып келген. Аяғы ауыр Сухейр Сахили де бірнеше күн бұрын отбасымен бірге Бейруттың оңтүстігінен Сирияға қоныс аударды. Жүктілігінің соңғы айларында ас-сусыз, демалыссыз мұнда жету оңай болған жоқ. Қазір Сухейр емдеу орнында мамандардан медициналық және психологиялық көмек алып жүр.

Сухейр Сахили, босқын: - Біз әлі күнге дейін бір жерден екінші жерге көшіп-қонуға үйренісе алар емеспіз. Өйткені бұл біраз уақытты қажет етеді. Осы емдеу орнына келіп, толық медициналық тексеруден өттім. Бірақ мамандар дәрілік препараттар жоқ екенін алдын ала ескертті. Амал жоқ, күтуге тура келеді. Қолдан келер шара жоқ.

Ливандағы қақтығыстан 11 жарым мыңнан астам жүкті әйел қиын жағдайға тап болған. Оларға медициналық қызмет, дәрілік препараттар мен дәрумендер қолжетімсіз. Шарасыздықтан Ливан тұрғындары апталап, айлап уақытша орындарда күнкөруге мәжбүр. Өйткені олардың ішерге асы не дәрігерге жүгінетін қалтасында бір тиыны жоқ.

Мюриэль Мафико, Сириядағы БҰҰ Балалар қорының өкілі: - Ливаннан Сирияға пана іздеп келгендердің көбі – әйелдер мен балалар. Кейінгі дерекке сүйенсек, 7 мыңға жуық жүкті әйел бас сауғалап келген. 800 әйелдің айы, күні жақын. Қазір оларға қажетті көмек көрсетілуде.

Ола Антониос, гинеколог: - Жүкті әйелдерді тексеруден өткізіп жатырмыз. 10, 20 күн бұрын босанған келіншектер де өте көп. Оларға қажетті ем-дом тағайындап, сәт сайын бақылап отырмыз. Қолда бар препарат жеткіліксіз. Ол аздай, маман тапшылығы да қатты байқалады.

Қазір Сирияда Ливандағы қарулы қақтығыстан қашып келген адамның саны жарты миллионға жуықтаған. БҰҰ кейінгі дерегі осындай. Ұйым өкілдері олардың қарасы күн санап өсіп жатқанын айтады. Тәулігіне шамамен 4 жарым мың адам көрші елдің шекарасын кесіп өтеді екен.

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.