Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылдағы жойқын желден қаза болған екі адамның өліміне қатысты тергеу басталды

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2017
  • 3560

Жамбылдағы жойқын желден 2 адам көз жұмды. Қара дауылдың қатты болғаны соншалық, шатыр үстінде жүрген адамдарды үйдің жабындысымен қоса ұшырып әкеткен. Олар электр токтарына ілініп, бірден тіл тартпай кетті. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталып, арнайы комиссия да құрылды. Адам шығынымен аяқталған табиғи апат туралы Тараздағы тілші Данияр Әлімқұл баяндайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жойқын желдің екпіні секундына 27 метрге дейін барды. Қара дауылдың қатты болғаны соншалық, қаланың бар-жоғы жарты сағат ішінде астаң-кестеңі шықты. Тіпті, жел жаңадан салынып жатқан мектептің шатырын шегелеуге шыққан қос құрылысшыны нысанның жабындысымен қоса жұлып әкетті. Олар ток сымдарына ілініп, бірден тіл тартпай кетті.

Жоламан Азатов, куәгер:

Балка әкеп тастадық, сосын екіншісін әкеп тастайын деген кезде ұшады ғой. Ұшқан кезде мына екі токқа тиеді, сосын екі жақтан жарқыл шығып, одан кейін жүгіріп келгенде, екеуі осы жерде қансырап жатады ғой. 

Оқиға куәгері оқыс жағдайға өз басшыларын кінәлайды. 5 адамды желдің күні жұмыс істеуге мәжбүрледі деп айыптап отыр. Абырой болғанда, үшеуі төменге түсіп үлгерген. Алайда, жуырда ғана жұмысқа тұрған 53-тегі азамат пен 23 жастағы жас жігіт төбеден түсе алмай қалыпты. Қаза болған Сәкен Наржановтың баласы, фирма басшылары жауапсыздықтары үшін жазаға тартылсын, деп жыларман.

Мақсат Наржанов, марқұмның баласы:

Әлбетте, адами фактор, дауыл тұрған кезде ешкім жұмыс істеткізбейді ғой. Ешкім бұндай дауылда жұмыс істемеуі керек, алдын-ала ескерту берілді ғой. Ондай кезде бәрін қайтару керек. Кәнілілерді жазалау керек. Бір үйді асырап отырған адам.

Қазір қайғылы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Жұмысшылардың айтуынша, құрылыс компаниясының басшылары оқиға орнына бас бұрмапты. Тек өзін фирма менеджерімен деп таныстырған мына кісі жарытып ештеңе айта алмады.

Еркебұлан Айтқұлов,  құрылыс компаниясының менеджері:

Я не знаю. Я только приехал. Сейчас разберемся, потом я могу на ваши все вопросы ответить.

Айта кетейік, аяқ асты тұрған алапат дауыл әулиеаталықтарды әбден әбігерге салды. Дәрігерлер 6 адам жарақаттанды десе, құтқарушылар 3 адам деп басқаша сандарды сөйлетті.

Олег Шаюнусов, Тараз қалалық №1 аураханасы жарақат пунктінің бөлім меңгерушісі:

Жарақат пунктіне 6 адам келді. Олардың басым бөлігін ұшқан бұтақтар жарақаттаса,  бір баланы ағаш басып қалған, екеуіне дарбаза құлаған. Бәрі керекті емін алды. Қазір ауруханада ешкім жатқан жоқ. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Табиғаттың тосын мінез танытуы туралы алдын ала смс ескертпелер таратылыпты. Қазір ресми орындар арнайы комиссия құрған. Әзірге шығын көлемі белгісіз. Бұл биыл жамбылдықтардың жағасын ұстатқан екінші жағдай. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ