Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандықтарды несие тарихын түзеп береміз деп алдаған интернет алаяқтар ұсталды

  • AstanaTV
  • 13 қараша 2024
  • 253

Қызылорда облысының прокуратурасы мен полиция департаменті бірлесіп «IT-TERGEU» жобасын жүзеге асыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жобаның мақсаты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысты әшкере ету тиімділігін арттыруға бағытталған.

Прокуратураның үйлестіруімен жоба аясында Қызылорда облысы Полиция департаментінің жедел қызметкерлері арнайы жедел тергеу іс-шараларын жүргізу барысында интернет алаяқтықпен тұрақты айналысып, республика көлемінде жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде залал келтірген Батыс Қазақстан облысы аумағында шоғырланған қылмыстық топ құрықталды.

"Тінту тергеу әрекетімен айғақ зат ретінде 16 дана ұялы телефон, бірнеше қолданылған sim-карталар, роутер құрылғысы және 3,5 млн теңге ақша алынды. Күдіктілер қашықтан Қызылорда облысының әлеуметтік желіні пайдаланушыларына «Несие тарихын жаңғыртып, ақша алуға бағдарлама жасаймыз» деген жалған ақпаратты тарату арқылы, өздерінің интернеттегі IP-мекенжайын, ақша түсірген банктік есепшотын бүркемелеп, жәбірленушілерден жалпы 45 млн теңге ақшаны алаяқтық жолмен жымқыру бойынша күдіктеледі", - делінген хабарламада.

Тергеу сотының қаулысымен күдіктілерге екі айға «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.