Русский Сайттың толық нұсқасы

«Шетелдік алпауыт музыкалық компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуге құлықсыз»,- сарапшы

Шетелдік алпауыт музыкалық компаниялар Қазақстанда жұмыс істеуге құлықсыз. Оған себеп – музыка индустриясындағы жемқорлық және авторлық қауымдастықтардың бассыздығы. Бұл туралы авторлық құқық саласының сарапшысы Эльнора Оспан Мәжіліс комитетінің отырысында айтты. Креативті индустрия өкілдері бас қосқан жиында қандай мәселе көтерілді? Қандай ұтымды ұсыныстар болды? Мөлдір Жақан жалғастырады.

Бұл жиын бұрынғыдан өзгеше өтті. Министрлердің жаттанды жауаптары мен бітпейтін есептері естілмеді. Есесіне креативті индустрия өкілдері біраз ақтарылды. Дизайн, кино, музыка, медиа, баспа, компьютерлік графика... сан саланың саңлақтары тұралап қалған мәселелерді жіпке тізді.

АЛМАС ЖАЛИ, ПРОДЮСЕР, КӘСІПКЕР:

Бір жобадан тапқан табысымыздың 30-40% пайызын салыққа жібереміз. Бұл қалтаға айтарлықтай салмақ түсіріп, алға қарай жылжуымызға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан киноиндустрияны Astana Hub қолдау бағдарламасына қосуды ұсынамын. Astana Hub - салықтық преференциялары мен қажетті инфрақұрылымы бар дайын экожүйе. Мұндай модельді креативті индустрияға қолдану саланың дамуына тың серпін бере алады.

Креаторлардың әбден шымбайына батқан ендігі мәселе – авторлық құқық. Елімізде 15 авторлық қауымдастық тіркелген. Алайда олардың жұмысына тағар мін жоқ емес.

ЭЛЬНОРА ОСПАН, АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Бүгінде бизнес өкілдері зияткерлік меншік объектілерін пайдалану үшін ақша төлеуге дайын. Бірақ олардың арасында көпір жоқ. Бизнес авторлық қауымдастықтарға сенбейді. Қауымдастықтар қорқытып-үркітіп олардан ақша жинайды. Алайда әрі қарай құқық иелеріне сыйақы жетпейді.

Әділет министрлігі авторлық қауымдастықтарға қатысты мәселе барын мойындап отыр және оны шешуге дайын екенін жеткізді.

БОТАГӨЗ ЖАҚСЕЛЕКОВА, ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Авторлардың тарапынан шағымдар бар. Біз қазір бұл саланы цифрландыруға басымдық бермекпіз. Солай ғана мәселенің күрмеуін шеше аламыз.

Әлем бойынша креативті индустрияның капитализациясы - 2,3 трлн доллар. Өкінішке қарай, Қазақстан осы үлкен капиталдан өз үлесін ала алмай отыр.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Креативті индустрияны дамыту мәселесі мемлекеттік органға жүктелді. Қазір мұнымен Мәдениет және ақпарат министрлігі айналысып жатыр. Дегенмен мемлекет араласқан жерде нақты нәтиже болмай қала ма деген қорқыныш бар. Неге? Өйткені 2015 жылғы зерттеуге сәйкес, Қазақстан креативті индустрия бойынша әлемде 84-орында болса, министрлік ұсынған биылғы соңғы деректе сол 84-орында қалып отырмыз.

Айта кету керек, дамыған елдерде креативті индустрияның ЖІӨ-дегі үлесі 12%-ға дейін барады. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны қазірде 29,5 млн адамға жетті.