Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұротандықтар көп балалы анаға үй салып жатыр

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2017
  • 2418

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Қарасу елді мекенінің тұрғыны, көп балалы ана Махида Шерметованың қоныс тойын тойлайтын күні алыс емес.

46 жастағы жалғызбасты ана жеті баланы тәрбиелеп отыр. Кенже қызы жарымжан. Айтуынша, тірнектеп жиған ақшасы ауыл іргесінен он соттық жерді сатып алуға ғана жетіпті. Амалы таусылған көпқабалы ана сәуір айының соңында жергілікті партияға жәрдем сұрап жүгінген. Нәтижесінде демеушілер табылып, бірі іргетасын құйып, енді бірі қабырғасын көтеріп беріп жатыр екен. Бәрінен бұрын балаларым қатты қуанып жүр, өз үйіміз болады деп, - дейді қуаныштан жүрегі жарылған ана.

Махида Шерметова, Сайрам ауданының тұрғыны:

Көтеруге шамам болмай қалды, жеті балам болғаннан кейін. Осы «Нұр Отанға» рахмет деймін. Солар арқылы көтеріп жатырмын, міне, Құдай қаласа. Партия араласса, барлық нәрсе бітеді екен, рахмет.

Акмалжан Исаков, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы бақылау комиссиясының төрағасы:

Енді бұл Махида апайдың үйінің түгел тапсырып, кілтін беру «Нұр Отанның» бақылауында тұр. Бұл арыз-шағым еш бітпей, аяқсыз қалмайды. «Нұр Отан» партиясына келген әрбір арыз-шағым, бізге келген шағымдар өз шешімін тауып, әр уақытта бақылауда болады.