Русский Сайттың толық нұсқасы

Талдықорғанда тұңғыш рет жіті лейкоз қатерлі ісігіне шалдыққан науқас жазылып шықты

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2024
  • 119

Жетісуда облыстық аурухананың гематология бөлімінде алғаш рет жіті промиелоцитті лейкозбен ауырған әйел жазылып шықты. Талдықорғандық мамандар сырқатты заманауи химиотерапиямен ем-дом жүргізу арқылы сырқатынан жазып алғанын мәлімдеді.

Ауруы асқынып, денсаулығы сыр берген әйел алдымен қалалық ауруханаға түсіп, содан кейін тамыз айының соңында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде болжамды «жедел промиелоциттік лейкоз» диагнозымен облыстық ауруханаға жолданады.

Зертханалық және аспаптық зерттеулерден кейін диагноз расталған. Дәрігерлер науқасқа сүйек кемігінде қатерлі жасушаларды толық басуға бағытталған заманауи химиотерапия схемасымен ем тағайындаған.

— Үйде мұрнымнан және иегімнен қан тоқтамай 1 апта жүрдім. Есімді білмей келдім. Бірінші қанды тоқтатты, содан кейін химиятерапияны бастады, бәрі басылды. Қазір осы медициналық ұжымның арқасында жағдайым жақсы, — деді емделуші Анар Балапанова.

Науқас бөлімшеге түскен кезде қанның ұю көрсеткіші төмен, анемия, гиперлейкоцитоз байқалған. Қазір химиотерапиядан кейін бүкіл көрсеткіштер қалпына келген. Қан құюға тәуелді емес.

— Науқасқа диагноз қойылғаннан кейін 4-5 күнде химия терапиясын бастап кеттік. Бұл онкогематология бөлімшесінде емделген сүйек майы ремиссиясына кеткен ең алғашқы науқастың бірегейі десек те болады. Өйткені бұған дейін жіті лейкозбен түскен науқастардың бәрі Астана мен Алматыға жіберілетін. Бұл науқас жолға жарамайтын болғандықтан, өз бөлімшемізде емдеуді жөн деп таптық. Қазан айының соңында алған талдау бойынша бластық жасушалар мүлде анықталған жоқ және қанның барлық көрсеткіштері қалпына келді, — деді гематология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Амангелдинов.

Астана сияқты алыс қалаларға бармай-ақ тұрғылықты жерден дертіне шипа тапқан емделуші талдықорғандық мамандарға өз ризашылығын білдірді,- деп жазады Қазақпарат.