Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда жүк көлігі мектепке соғылды: жүргізушінің халі ауыр

Оралда жүк көлігі қаланың қақ ортасындағы мектепке соғылды. Осы апаттан тағы бір жеңіл көліктің күл-паршасы шықты. Полиция дерегінше, жүк көлігін жүргізушінің саулығы сыр берген, жол апаты осыдан болыпты. Иесі ес-түссіз халде жатқан ауыр техника екпінін тежей алмай, алдымен қарсы келе жатқан жеңіл көлікке түйіседі. Осыдан кейін бағытын өзгертіп, жолдың жанындағы мектеп ғимаратына соғылған. 

АЛИМА ГАРИФУЛЛИНА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауруханаға «Сканиа» көлік құралының жүргізушісі ес-түссіз күйінде жеткізіліп, нейроинсульт бөлімшесіне жатқызылды. Жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шеккен жоқ. Көлік иелеріне шығын келтірілді.

Оқыс оқиға түнгі сағат онда болған. Бұл кезде сабақ тоқтатылып, оқушылар үйіне тарағанын айтқан білім ошағының басшысы ешкім зардап шекпегеніне шүкірлік айтып отыр. 

ЕРІК ТЕМІРҒАЛИЕВ, №36 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Мектептің айналасындағы забор және заборды ұстайтын бағанасы, жүк көлігі тоқтаған жердің сыртқы сылағы түскен. Осы шығындардың барлығын да кеше полиция қызметкерлері хаттама толтырған кезде осыны қайтадан жасап беру туралы талабымды қойдым. Әлі де талап етемін.