Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысы саланың үздік мамандарымен кездесті. Жиында аталған саланы дамыту мен қолдау, сондай-ақ өзге де түйіткілді мәселелер қозғалды. Бұл - ауыл шаруашылығы еңбеккерлері көптен бері күткен бірінші форум.
Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өткен жиынның шымылдығын Мемлекет басшысы ашып, саладағы жетістіктерді түгендеді. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарында. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің бірі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!
Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Қасым-Жомарт осылай дей келе алдағы жұмыстардың негізгі 6 бағытын айқындады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Менің тапсырмам бойынша ауыл шаруашылығындағы статистиканы бұрмалау, жалған құжат толтыру, көзбояушылық фактілерін түп-тамырымен жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде біз саланың нақты жағдайын бағамдай аламыз, экономикалық шығынға соқтыратын тиімсіз шешім қабылдамаймыз.
Ауыл шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер мынадай: 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, мал басы 119%-ға артты. Биыл мал азығы дақылдарының егіс алаңы 3,2 млн гектардан асты. Алғашқы 9 айда Қазақстанда 2,4 трлн теңгеге азық-түлік өндірілді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әр түрлі санаттардағы өсімді айқын көрсетеді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру 3 есеге өсіп, 580 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 766,4 млрд теңге болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс. Бұл бағытта жақсы нәтижелер бар. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифрлы фермерлік шаруашылықтар саны алты есеге жуық өсіп, бүгінде 200-ден асты. Бұл – шын мәніндегі болашақтың кәсіпорындары. Онда озық технологиялар жаппай енгізіледі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды.
Президент мал тұқымын асылдандыруға баса мән беру керегін айтты. Елдегі 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды, демек үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек
Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 проценттен астамы таза сумен қамтамасыз етіледі. Себебі ел тұрғындарының 40 пайызы ауылда тұрады. Мемлекет басшысы ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартып, елдімекендерді өркендету мәселесіне мән берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет.
Қазақстанның ауыл шаруашылық әлеуетін арттыруда отандық ет өнеркәсібін дамытудың маңызы ерекше. Оған мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтар үлес қосуда.
СЫРЫМ ЕРТАЕВ, “ҚАЙЫП-АТА” ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша соңғы жылдары осы сала бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Қытай нарығына бірнеше позиция бойынша нарық ашылды. Ресей нарығын игеріп келеміз. Өзбекстан, Араб елдеріне, тіпті 20 жыл бойы жабық болған Тәжікстанға да ет экспорты биыл шыға бастады.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарында құс санының үлесі -83 процент. Салада өнімділік байқалады. Тауық жұмыртқаларының өндірісі 3.4 млн-ға жетті.
РАБИҒА ТОҚСЕЙІТОВА, “AITAS.KZ” АҚ КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекет қолдауының нәтижесінде AITAS компаниямыз 5 жылдың арасында өндіріс көлемін 5 жарым есеге өсірді. Ол енді 160 мың тонна құс етін шығарып отырмыз қазіргі таңда. Made in Kazakhstan брендін біздер жан-жақта насихаттасақ, онда Қазақстандықтар да отандық өнімді таңдайтынына сенімдімін.
Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын ауылды көркейтіп, ондағы экологиялық мәдениетке көңіл бөлуге шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сыр бойындағы Нағи Ілиясов және Таң, Арқадағы Шахтерское, Қызылжар өңіріндегі Новоникольское ауылдары да көпке үлгі. Әр аймақта осындай гүлденген елді мекендер бар. Бірақ ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер одан әлдеқайда көп. Мен іскер азаматтарды ауыл-аймақты көркейтуге шақырамын.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығынан бөлек білім, жылыту маусымы, зейнетақы, әділеттілік мәселелеріне де тоқталып, алдағы "жұмысшы мамандықтары" жылында еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталатынын айтты. Президент жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады.