Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда қарияларға қамқорлық жасау акциясы өтті

  • AstanaTV
  • 10 мамыр 2017
  • 2813

Қарияларға қамқорлық. Қарағандыдағы «Өрлеу» ұлттық орталығы қарттар үйін паналаған майдангерлерге сурет шығаратын түрлі-түсті принтер тарту етті. Ерекше сыйлық ардагерлердің ең қуанышты сәттерін естелік етіп сақтауына мүмкіндік бермек.

Айжан Қуаш, тілші:

Қарағандыдағы мүгедектер мен қарттар үйінде 23 ардагер тұрады. Оның екеуі майдангер, қалғандары тыл еңбеккерлері.

Жасы 80-нен асқан Виктор Кондратьев соғыс басталған кезде колхозда еңбек жолын бастаған жас маман болыпты. Жеңістен кейін шахтада көмір қазған. Тағдыры ауыр. 4 бірдей ұлынан айырылған соң, осы қарттар үйін паналапты. Бірақ, әлі де мойымайды. Бүгін Жеңіс мерекесіне шашын қиғызып, ерекше дайындалды.

Виктор Кондратьев, тың ардагері:

9 мамырда жақсы көрінуім үшін шашымды қиып берді. Барлығына алғысымды айтам. Әлемге бейбітшілік пен бақыт, денсаулық тілеймін.

Қарттарға «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері қонаққа келді. Балалар соғыстан сыр шертетін әйгілі «А зори здесь тихие...» спектаклін сахналады.

Наталья Варельджан, Қарағанды қаласының «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі:

«9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтаймын. Өмірде ешқашан соғыс болмасын!».

«Өрлеу» ұлттық орталығы сыйлаған түрлі-түсті принтер ардагерлерге тосын сый болды. Қарттар концертте түскен суреттерін дереу бастырып шығартып алды. Алда мұндай қуанышты сәттерден естеліктер қабырғаға көптеп жиналатынына сенімді.

Ержан Оразбаев, акция ұйымдастырушысы:

«Мерекеге қарсы қарияларға келіп құттықтап жатырмыз. Бұның барлығы қариялардың естерінде қалсын деп, осындай бізді қолпаштайтын жастарымыз бар екен деп. Ұлы Отан соғысының жеңісі осы кісілердің арқасында. Қазір Қазақстанда бір тудың астында өмір сүріп жатырмыз».

Қариялар Жеңіс күнін мерекелік дастархан басында қарсы алады. Балалары құттықтап келсе, тіпті қуанатындарын жеткізді.

Айжан Қуаш, тілші:

Мекеме мамандарының айтуынша, көпшілігінің немере-шөберелері бар. Өкінішке орай, жақындары қартайған ата-аналарын түрлі себептермен осында тапсырған.

Айжан ҚУАШ