15 жасар қазақстандық атлет Мұрат Нұрболсын Қытайдың Үрімжі қаласында өткен жеңіл атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасында халықаралық жарыста екі бірдей жүлдемен оралды, деп хабарлады Kazinform.
Құрлық мықтылары қатысқан сайыста қазақстандықтар бақ сынған болатын. Аталған жарыста Мұрат Нұрболсынның бағы жанып, 1500 метрде топ жарса, 3 мың метрде күміс жүлде иеленді.
«Бұл жарыста 5 мемлекеттен 300 ден астам спортшы бақ сынады. Шакіртім Мұрат Нұрболсынұлын жаттықтырып жүргеніме 1 жылдан асты 4 рет Қазақстан чемпионы болған. Бұл жолғы халықаралық бәсекеде қажырлы еңбегімен, жігерінің арқасында чемпион атанып, бәрімізді қуантып отыр. Оның алдағы болашағынан үлкен үміт күтемін. Қазақтың көк байрағын әлі талай әлемдік додаларда желбіретеді деп сенемін», -дейді жаттықтырушы Бағдәуір Үлкенбай.
Астана қалалық №9 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жеңіл атлетикадан тренер боп қызмет істейтін Бағдәуір Үлкенбай – Қытай қазақтарынан шыққан танымал жаттықтырушылардың бірі. Ол тәрбиелеген шәкірттер Бейжіңде өткен марафондарға қатысып, жүлде алып жүр.
«Мен жаттықтырушы ретінде жұмыс жасап келе жатқаныма 20 жылдан асты. Шәкірттерім үлкен додаларда топ жарып жүр. Атажұртқа келгеніме бір жылдан асты. Ендігі арманым – Қазақстанда да мықты спортшылар тәрбиелеп, көк туымызды желбіретіп, еліміздің дамуына үлесімізді қосып, еңбегімді сіңіру»,- деді жаттықтырушы.