Русский Сайттың толық нұсқасы

Астананың білім беру ұйымдарында "Aqyl life" жобасы басталды

Астанада "Aqyl life" жобасы басталды. Шара жастар арасындағы есірткі қылмысы мен лудоманияға қарсы бағытталған. Жоба аясында мектептерде кітап оқуға шақыру кездесуі өтті. Жиынды қала әкімдігі қолдап, "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Оқушылар мен студенттердің интеллектін дамытуға арналған жоба үш арнаға бөлінген. Алғашқысы мектеп оқушыларын кітап оқуға баулу. Келесі бағыты - студенттер арасында дебаттық турнирлер ұйымдастыру. Соңғысы - интеллектуалды ойындар ұйымдастырып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

АРАЙЛЫМ САПАРӘЛІ,  "АСТАНА ЖАСТАРЫ" ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл қазіргі таңда жастар арасында танымал блогер, қоғам тұлғаларымен бірге қандай кітаптарды оқиды ол кісі, жастарға не ұсына алады. Өмірлік жолдарына әсер еткен кітаптар туралы бөлісетін болады. Бұл бізде бірінші мектеп орыны. Жыл соңына дейін 4-5 мектепті қамту жоспарда бар жоба аясында.

Жобаның алғашқы бағыты бойынша кездесу қаладағы №28 мектеп-лицейде өтті. Қазақстандық алып күш иесі Сергей Цырульников өзі оқыған үш кітапты оқушыларға таныстырды. Оның өміріне қандай өзгеріс әкелгенін баяндады. Сондай-ақ аудио кітап пен қағаз кітаптың айырмашылығы жер мен көктей екенін айтты.

СЕРГЕЙ ЦЫРУЛЬНИКОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АЛЫП КҮШ ИЕСІ:

Қазір түрлі аудиокітаптар бар екенін білемін. Бірақ кітапты парақтап оқу адамға ерекше әсер етеді. Сондай-ақ ақпаратты тез қабылдап, мазмұнын оңай түсінесіз. Себебі бар зейініңіз тек сол кітапта болады. Мен қазір тек бір бағыттағы кітаптарды оқымаймын. Поэзияны да, бизнеске арналған кітаптарды да оқимын. Бұл жан-жақты оқуға көмегін тигізеді.

Ал кәсіпкер Эмин Аскеров адам жылына 50 кітап оқу қажет деген пікірді алға тартты. Ол жастарға психологиялық және кәсіпке баулитын кітаптарды оқуға кеңес берді.

ЭМИН АСКЕРОВ, ӘЛЕУМЕТТІК ИННОВАТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір әлемде 400 мыңға жуық мамандық бар. Жыл сайын оның 500-і жойылып жатыр. Бұл маман иелерінің орнын роботтар басып жатыр. Мен мұнымен ешкімді қорқытқым келмейді. Алайда шындық осы. Сондықтан біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Ол үшін жан-жақтылық танытып, түрлі бағыттағы кітаптарды оқуымыз қажет.

Мектеп басшылығы "Aqyl Life" жобасы оқушылардың дағдыларын дамытып, білімін шыңдап, жаңа идеялармен шабыттануға мүмкіндік береді, дейді.

АЙГҮЛ ҚҰСАЙЫНОВА, №28 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Алдында буллинг бойынша өткізгенбіз, қазан айының соңында. Бүл екінші іс-шарамыз. Тағы да оқушылармен, оқушылардың тәрбиелік мәніне көбірек көңіл бөліп өткізіп жатқан шарамыз. Кітап оқудың оқушылар үшін тәрбиелік мәні көп. Оқушылар үшін оқуда көп әсер етеді. Бүгінгі іс-шарадан біздің балалар көп жақсы эмоция алды деп ойлаймын.

Шара қатысушыларға жаңа идеялар мен ұмытылмас әсер қалдырды. Олар мұндай кездесулердің жиі болғанын қалайтынын айтты.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Осындай іс-шаралар болғанын әрқашан қалаймын. Себебі адамның ой санасын түгелдей өзгерте алады.
- Менің ойымша мұндай шаралар көбірек болса, балалардың да сана-сезімі көтеріліп, олар да оқуға көбірек ұмтылады.

Еңбексүйгіштік - бар игіліктің бастауы. Сондықтан оқушылар "әрбір жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр" деп ой түйді. Кездесуде олар өз ойларын ортаға салып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.