Русский Сайттың толық нұсқасы

Сауд Арабиясы Корольдігі Сирия бойынша Астана процесі үшін алғыс білдірді

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2017
  • 2223

Сауд Арабиясы Корольдігі Сириядағы қантөгісті тоқтатуға деген ұмтылысы үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Сондай-ақ біздің ислам әлеміне қатысты өзге де мәселелерді шешуге қосқан үлесімізге мейлінше риза. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Корольдіктің Парсы-Араб шығанағы істері жөніндегі мемлекеттік министрі мәлімдеді. Мемлекет басшысы мен корольдіктің министрі Самер Әл-Сабхан екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайын сөз етті. Қазақстан алдағы уақытта да бұл мақсатқа бар күш-жігерін салатынын айтты. Өңірлік қауіпсіздік, конфессияаралық қақтығыстарды шешу сынды маңызды жайттер талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі елдің арасындағы қарым-қатынас 25 жылдың ішінде үзілген жоқ. Сіздерден де, біздерден де көп мемлекеттік қызметкерлер сапар жасады. Көп келісімдер бар. Қазіргі жағдайда ислам елдерінің басын біріктіріп, бірге болғаны дұрыс. Біз Сирия жөнінде келіссөздерді жүргізіп жатырмыз. Жақында болған кездесуде оппозиция жағынан барлықтары келді.

Самер Әл-Сабхан, Сауд Арабиясы Корольдігінің Парсы-Араб шығанағы істері жөніндегі мемлекеттік министрі:

Біз Қазақстанға ислам әлеміне қатысты мәселелерді шешуге қосқан үлесі,  әсіресе Сириядағы қантөгісті тоқтатуға деген ұмтылысы үшін ризашылық білдіреміз. Сауд Арабиясы Корольдігінің Сирия бойынша ұстанымына келсек, осы оқиға тек саяси реттеу арқылы шешілуі тиіс деп санаймыз. Бұл мәселені тек бейбіт жолмен шешу жөніндегі сіздің ұстанымыңызды барынша қолдаймыз. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ