Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді 16 жасқа толмағандар тик-токқа кіре алмайды

Әлемдегі ең ұзын адам мен дүниежүзіндегі ең кішкентай тұрғын кездесті. Ерекше жандар бір-бірін Лондонда көрген. Гиннес рекордтар кітабының 70 жылдық мерейтойына жиналғандар өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері туралы әңгіме өрбітті. Толығырақ Аружан Задабек айтады. Эфирде «Жер-жаһан» айдары. 

Әдетте ерекше жандарға қарап таңдай қағамыз. Гиннес рекордтар кітабына енген деп, қызығушылық танытатынымыз да рас. Ал сондай өзгеше адамдар бір-бірімен жолықса қандай күйде болады? Мәселен, ең ұзын және ең қысқа тұрғынның жүздесуі қалай өтеді? Гиннес рекордтар кітабының мерейтойында осы сұрақтарға жауап таптық. Онда бойы сұңғақ бойлы Түркиялық зерттеуші мен небәрі 62 см болатын Үндістаннан келген актер кездесті. Әңгіме айтып, қызықты оқиғаларымен бөліскен. 

ДЖИОТИ АМЖЕ, ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚЫСҚА БОЙЛЫ АДАМ:

Әлемдегі ең ұзын әйелді алғаш рет көруім. Кездесу өте жақсы өтті. Ол өте ақкөңіл. Әңгімеміз жарасып кетті.

Австралия тик-токқа шектеу қойды. Толығымен емес, тек 16 жасқа толмағандарға пайдалануға рұқсат жоқ. Бұл заң жобасы мемлекетте біраздан бері талқыланды. Талай пікірталас болып, біраз тартысты. Ақыры заң күшіне енді. 

МИШЕЛЬ РОВЛАН, АВСТРАЛИЯНЫҢ БАЙЛАНЫС МИНИСТРІ:

Көп жас үшін әлеуметтік медиа зиянды болуы мүмкін. 14-17 жастағы австралиялықтардың үштен екісі дерлік интернетте өте нашар мазмұндағы материалдарды тамашалайды. Соның ішінде нашақорлық, суицид немесе зорлық-зомбылықты насихаттайтындары бар.

Ал, АҚШ-та дауыл. Соңғы он жылдағы ең жойқын циклоннан 100 мыңнан аса үй жарықсыз қалды. Табиғаттың тосын мінезінен мерт болғандар да бар. 121 шақырымға жеткен жел Калифорния, Вашингтон штаттарын бір сәтте астаң-кестеңін шығарды. Дауыл соңы нөсер жауын-шашынға, кейін ақтүтек боранға ұласқан. Биік ағаштар түбімен қопарылып электр желілерін зақымдады. Мамандар бұған «циклон-бомба» деген атау беріпті. Метеорологтар дауыл әлі де күшейеді деген болжам жасап отыр. 

РИЧ МУР, ТҰРҒЫН:

Кеше түнде жарықты тек бір-екі минутқа уақытша өшірді деп ойладық. Кейін біржола өшті. Мамандар ескерту жасады. Сыртқа шықпаңдар, азық-түлікті үнемдеу керегін айтты.

Үндістанда да жағдай мәз емес. Қаланы көк түтін басқан. Тұрғындардың сыртқа шығып, жүруі мүмкін емес, Әуе рейстерінің 88 проценті тоқтаған. Нью-Дели әлемдегі ең ластанған астаналардың біріне айналды. Мегаполис тұрғындары қазір түрлі дертке шалдығып, денсаулықтары сыр бере бастаған.