Русский Сайттың толық нұсқасы

Қоғам белсенділері колонияда тәрбиеленіп жатқан балаларға қаражат жинады

  • AstanaTV
  • 11 мамыр 2017
  • 2540

«Балаларға көмектесейік». Осылай деген қоғам белсенділері тағдыр тәлкегіне түскен сәбилерге қол ұшын созды. Яғни ЛА-155/4 жалпы режимдегі колониясында тәрбиеленіп жатқан балаларға қаражат жинады. Алматы облысындағы Жауғашты ауылында орналасқан колонияда жүкті қыз-келіншектер мен жас аналар жазасын өтейді.

Мұндағы сәбилер үш жасқа толғанша аналарымен бірге түрмеде болады. Кейін туыстарына немесе жетімдер үйіне тапсырылады. Ал аналары жазасына қарай қатаң режимдегі колонияларға ауыстырылады. Айта кетерлігі, ЛА-155/4 - балалы аналарға арналған Қазақстандағы жалғыз мекеме.

Әйгерім Аликбаева, ұйымдастырушы:

Ол мекеменің демеушісі жоқ. Сондықтан біз қоғамның назарын аударғымыз келеді. Көмек бергісі келетіндер көп, бірақ мұндай мекемелердің барын, түрлі акциялардың ұйымдастырылатынын халық біле бермейді. Қол ұшын созып жатқан адамдар аз емес, келіп, тәттілерді сатып алып жатыр. Белсенділік бар.  

Акцияға қойылған азық-түлік пен киім-кешекті түрлі ұйымдар тегін жеткізген. Сатылымнан түскен қаржы ЛА-155/4 мекемесіндегі бүлдіршіндердің қажеттілігіне жұмсалады. Қазір аталған колонияда 34 бала бар. Олардың үшеуі - жаңа туған сәбилер,- деді белсенді топ мүшелері.

Айгүл ӘДЕПБАЙ