Азық-түлік пен киім-кешек бағасы тағы қымбаттайды. Әсіресе, сырттан келетін тауар құны шарықтауы мүмкін. Бұған доллар бағамы әсер етіп отыр. Сарапшылар импорт бірден 15 процентке өседі дейді. Онсызда арзан емес деген халық, бұл жаңалықты естіп, тіпті, ашынып отыр. Қымбатшылық күтіледі деген болжам рас па? Анық-қанығын Аружан Задабек айтсын.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қазір доллар ұғымы экономикалық терминнен гөрі құндылыққа айналып кетті. Тіпті, 5 жастағы баланың өзі доллардың не екенін біледі. Өзімізде жалақыны теңгемен алсақ та, көк қағазға айырбастап алғанды жөн көреміз. Оны көлігім 5 мың доллар, үйім 25 мың доллар тұрады деген күнделікті қолданатын сөз тіркесімізден-ақ байқауға болады.
Жаңа жылдың келуіне де аз уақыт қалды. Бірақ көңіл-күйіміз қазірден түсіп жатыр. Азық-түлік пен киім қымбаттаса мерекеде думандата алмай қаламыз ба деген қорқыныш - бұл. Сарапшыларды тыңдасаң, доллар тұрақталмаса мейрамды тойламақ түгілі, тойып тамақ ішуің де қиындайтынын айтады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Доллар қымбаттаса бәрі қымбаттады ғой. Тапқан табысымыз сол ішкен-жегенімізден артылмай жатыр.
- Қазір тұрақты нәрсе жоқ қой. Барлығы көз ілеспей болып жатыр.
Осыдан бірнеше күн бұрын доллар бағамы 500 теңгеден бір-ақ шықты. Бүгін Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 497 – 503 теңге аралығында саудаланып жатыр. Нарықты жақсы меңгергендер бұның соңы жақсылыққа апармайды деп топшылады. Бірінші кезекте ішіп-жегеніміз желкеден шығуы мүмкін. Қымбатшылық қыспаққа алса, қысқы киімнің де қамын жасауымыз екі талай.
ҒАЛЫМЖАН ЕСҚАРАҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:
Біздің ішімізде инфлияцияның деңгейін көтереді. Екіншіден ақшаның құнсыздануына алып келеді және импорттық тауар бағасының қымбаттауына алып келеді.
Тек импорт қымбаттайды деген аты ғана. Бізде бірнарсенің бағасы өссе, автоматты түрде өзгенің де құнын шарықтату қанға сіңген. Демек, доллар тұрақсыздығының әсері отандық өнімнен де айналып өтпейді. Аңқау елге арамза молда болып жергілікті кәсіпкер де жағдайды пайдаланып, олжаны ойлайды.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Сатылымда тұрған бағалардың өздері қымбаттап жатыр. Өйткені бізде осы халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі дейміз бе, біз ажиотаждық, шу болып жатқанда бағаны көтеріп алып, түсірмей қоятын, әлі өспей тұрғанда осы бағамен алып алыңыздар деген сияқты махинациялар көп болатыны бар.
Доллар бағамына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Бірінші – мұнай бағасы. Бірақ соңғы кездері қара алтын құны, керісінше, төмендегенін ескерсек, сұраққа жауап табу қиындайды.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Мұнайға деген тапшылық болуы мүмкін. Қазір ішкі нарықтағы мұнай бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен, мұнай өнімдерінің бағасы да төмен деп айта аламыз.
Доллар соңғы төрт жылдың өзінде мың құбыды. 2020 жылы 1 доллар 424 теңге көлемінде сатылса, 2021 жылғы орташа бағамы 427 теңге болған. Ал 2022 жылы көктемде 480, былтыр 429 теңге маңайында саудаланды.
Әлемдегі валюталық операциялардың 90 проценті доллармен жүзеге асады. Мұнай сияқты маңызды тауарлар да әдетте осы ақшамен бағаланады. Демек, оның құбылуы бізге ғана емес, өзге мемлекеттерге де әсер етпей қоймайды.