Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ақылы автотұрақтар жұмысын бақылайтын мемлекеттік оператор құрылмайды", - Р. Скляр

"Ақылы автотұрақтар жұмысын бақылайтын мемлекеттік оператор құрылмайды". Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деп кесіп айтты. Бірнеше күн бұрын Мәжілісмендер Елордадағы тұрақтарды қысқартып, серіктестіктің қалтасына түсетін қаржыны қадағалау керек деп сауал жолдаған болатын. Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбек тарқатады. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Астанада ақылы автотұрақтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қазір шаһарда 7200-ден астам осындай арнайы орындар бар. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 мыңға жетуі ықтимал. Саябақтардың, халық көп жиналатын қоғамдық орындардың, тұрғын үй кешендерінің, тіпті, құрылысы әлі бітпеген баспаналардың маңында көлігіңді қою үшін сағатына 100 теңге төлеуге міндеттісің. Құнын өтемеген жағдайда шамамен 11 мың теңге айыппұл арқалайсың.

Жүргізушілер ақылы тұраққа ақы төлеуден қашпайды. Тек қаржысының қазынаға емес, кәсіпкердің қалтасына түскеніне қынжылады. Мәселен, 2021-2024 жылдары ақылы автотұрақ қызметіне тұрғындар 726 миллион теңге төлеген. Оның 617 миллион теңгесі жеке серіктестікке түссе, тек 108 млн теңге шамасындағы қаржы ғана қала бюджетін толтырған.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Үкіметке түскені жақсы ғой, өкімет жағдай жасаса. Егер ақшаның басым бөлігі жеке біреуге түскені дұрыс емес. Жарайды, түскен күннің өзінде жағдай жасау керек қой. Қар бар, камера жоқ, линия жоқ. Қауіпсіздік сақталу керек.
- Алып тастаған жақсы ғой. Не керек, акиматқа түспейді. Біреудің қалтасына кетеді.
- Тұрақ онсыз да аз. Мұны тазаласа екен, қараса екен. Иә, ол ақшаны қадағалау керек. Қайда кетеді, қандай мақсатта жұмсалады. Жеке кәсіпкердің қалтасына кеткеннен халыққа келер-кетер пайда жоқ.

Ақылы автотұрақтың ақысын өтемей, айыппұл арқалағандар жетерлік. Соңғы төрт жылдағы олардың берешегі 5,6 млрд теңгеге жеткен. Айыппұл мөлшері төлемақыдан жеті жарым есе артық.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Халық төлемеймін демейді. Аумағы атшаптырым автотұрақтың бір бұрышына ғана қойылған тақтайшаны көру мүмкін болмағандықтан төлемей кетеді. Қалай десек те, автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау үлкен қателік.

Мәжіліс депутаттары ақылы автотұрақтарда тегін тұру уақытын жарты сағатқа дейін ұзартуды, сондай-ақ, көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудандарда ғана қалдырып, қалғанын жоюды, тұрақтың жұмысына бақылау жүргізетін мемлекеттік оператор құруға ұсыныс білдірген еді.

РОМАН СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірыңғай мемлекеттік оператор құру экономиканың бәсекелес салаларына мемлекеттің қатысуын қысқарту жөніндегі мемлекет саясатымен үйлеспейді. Сондықтан аталған ұсыныс қолдау таппайды.

Иә, серіктестіктің жұмысы қадағаланбайды. Ақылы тұрақтардың азаюы да екі талай. Бұл тұста көпшілік ұлтарақтай жерді кіріс көзіне айналдыру заңсыз дейді. Ақы алғанның өзінде қаржы қалтаға емес, бюджетке түскені абзал.