Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда автобустың қатысуымен болған апатқа байланысты тың деректер пайда болды

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2017
  • 2835

Алматыда жолаушылар автобусының қатысуымен орын алған жол апатынан зардап шеккендердің екеуі жансақтау бөлімінен шығарылды. Ал шетелдік қымбат көлікте болған 2 жасар сәби әлі де ауыр халде жатыр. Бұл туралы дәрігерлер мәлімдеді. Жол ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісі прокурордың көмекшісі болып шықты. Мұны бас прокуратура ресми түрде растады. Қазір еңбек демалысында жүрген Бекзат Бөшен зардап шеккендерден кешірім сұрады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Кешегі жол-көлік апатынан кейін зардап шеккен 24 адамның сегізі бүгін осы ауруханада ем алып жатыр.  Апаттан қатты зардап шеккен 33 жастағы жігіттің көк бауырына күрделі операция жасалған. Ал қалған 7 адам түрлі жарақаттарына байланысты ем алмақшы.

Қайрат Айнақұлов - апатқа ұшыраған қоғамдық көліктегі жолаушылардың бірі. Кешеден бері ауруханада жатқан науқасты дәрігерлер операцияға дайындап жатыр. Ол қатты соққыдан соң есінен танып қалған. Есін жиғанда ауруханада жатқанын бір-ақ білген.

Қайрат Айнақұлов, зардап шегуші:

Такси тоқтамағансын, осы автобусқа отыра салып едім. Құдай айдағандай. Автобус жақсы жылдамдықпен келе жатқан. Қалай болғанын байқамай да қалдық.

Сәуле Жүнісбаева, зардап шегуші:

Мұндай жүргізушілерді жазалау керек. Ереже сақтамады. Қаншама адамның өміріне қауіп төндірді. Салонда кем дегенде 40 адам болды. Жиырмадан астам жолаушы жараланып, бәрімізді ауруханаға әкеліп жатқызды. 

Жол апатына себепкер деп танылған азаматтың прокуратура қызметкері екені расталды. Осы мезетте Әуезов ауданы прокурорының көмекшісі болып істейтін Бекзат Бөшен бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, зардап шеккендерден кешірім сұрайтынын айтқан.

Бекзат Бөшен, Әуезов ауданы прокурорының көмекшісі:

Мен барлық адамдардан кешірім сұраймын. Шын мәнінде автобусты байқамай қалдым. Оң жақ орындықта балам отырған, оның өміріне қауіп төндірмейтінім белгілі ғой. Сол себепті ауруханада жатқан азаматтарға да өз атымнан көмек беруге  дайынмын.

Бекзат Бөшеннің екі жасар сәбиі ауруханада жатыр. Бүгін кешкісін дәрігерлер оны жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырған. Сол сияқты кеше ауыр халде жеткізілген тағы екі адамның да беті бері қарапты.

Қамбар Байжігітов, Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

70 жастағы үлкен әйел кісі. Оның 5 қабырғасы сынғандықтан. Демалуы қиын болды. Бірініші күні жансақтау бөлімінде ұстадық. Қалған 4 науқастың басына зақымдар келген. Біреуінің аяғы сынған.

Түрлі дәрежеде жарақат алған жолаушыларға «Грин Бас» автопаркі қаржылай көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы автобус паркінің бас директоры мәлімдеді. 

Бауыржан Құлышев, «GREEN BUS» автобус паркінің бас директоры:

Қазір біз нақты көмек қажет ететін жолаушылардың тізімін жасап жатырмыз. Сосын оны сақтандыру компаниясына жолдаймыз. Зардап шеккендерге өтемақы төленетін болады.

Полиция жол-көлік оқиғасына жол талғамайтын көліктің жүргізушісін кінәлі деп тапқан. Оған Әкімшілік кодекстің 610 бабы бойынша хаттама толтырылды, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Ал Бас прокуратура аталған істі өз бақылауына алып, ішкі қызметтік тексерістер жүргізуді бастаған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ