Русский Сайттың толық нұсқасы

Жайылымдық жер орнына жаңа шағын аудан салынып жатыр

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2017
  • 3333

Қызылордалық шаруалар жайылымдық жерлері мен өзге де телімдерінен айырылып жатыр. Олардың шаруашылығы орналасқан аумақта «Байтерек» деп аталатын су жаңа шағын аудан бой көтеруде. Жергілікті билік шаруаларды құр қалдырмайды. Яғни жерінің орнына басқа учаскелер ұсынған, алайда оны місе тұтпай отырған шаруалар да бар. Мәселенің түйінін Шарипа Сақтапова тарқатуға тырысты.

Кеше ғана 70 гектар жерге жоңышқасын егіп, малын бағып отырған Бақтияр Бәкіровтің кәсібінен бүгінде береке кетті. Ол жекеменшік жерін үкіметке өткізу жөнінде ескерту алған. Тиесілі телімнің үстінен электр, су мен газ желілері тартылды, деген шаруа, қала әкімі өзге аумақтан жер беруге, оған қоса 7 миллион тенге ақша беруге уәде еткен дейді. 

Бақтияр Бәкіров, шаруа:

10 гектар жерінді қора-жайымен қалам десең, қал сол жерде, деді маған. Он жағымнан да, сол жағымнан да - төрт жағынанда қала түсіп тұр. Енді мен малды қалай алып өтем десем, маған: азанда малыңды Камазға тиеп, өрісіне апарып жібер де, кешке дейін бағып, кешке сол Камазға малыңды тиеп, үйіне әкеліп түсір, дейді. 

Асылбек Есжановтың басындағы жағдай да осыған ұқсас. Өзінің бес гектар жерін банкке кепілдікке қойып, несие алған кәсіпкер, атқамінерлердің уәдесіне сеніп қалғанын айтады. 

Асылбек Есжанов, фермер:

Кәсіпкерлерге 30 сотықтан жер қалдырайық, осы кәсіптерінді істеп отыра беріңдер депң әжептәуір бір келісімге келіп едік. Бірақ кейіннен жер комитетіне барғанда, ол жерді қайтып сатып алу керек. Мысалы, мен - кәсіпкер жаңағы жерді сатып алуым керек. Оны сатып алғанда 1 миллион 800 мынның шамасына барады. Жығылғанға жұдырық болайын деп тұр, шынына келгенде.

Бұл аймақта жер еміп, күнін көріп отырған жиырмадан астам шаруа бар. Қалалық жер қатынастары басшысының айтуынша, олардың барлығымен тиісті мәміле жасалған.Тек арасында бірер азамат қана біз ұсынған талапқа көнбей отыр, дейді шенеунік. 

Берік Сәрменбаев, Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Тәуелсіз эксперттік мекемелер бағалаған жаңағы 10 гектары, оның үстіндегі мүлігі болғандықтан ол 12 миллион 200 мыңдай қаражатқа есептелген. Ал жайылымдық жері 80 мыңдай теңге ме, сондай ғана бағаланады. Ол кісіге ұсыныс берілді сол Жезқазған трассасы бойынан равноценный мал жайылымдық жерден жер учаскесі көрсетілді. Алайда ол кісі өзі қанағаттанбады. Жалғыз ол жер емес, 2-3 жер көрсеттік ол кісіге.

Қысқасы, шаруаның осы 10 гектар жерін де, үй-жайын да қалдыруға рұқсат берілмейді,- деді Берік Сәрменбаев. Жоспар бойынша ол аумаққа тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен ауруханалар салынады. Ал жер дауы бойынша шаруаның шағымымен енді сот орындары айналысады.

Шарипа САҚТАПОВА