Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында екі блогер сотталды

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2024
  • 95

Түркістан облысында екі блогерге қатысты сот үкімі жарияланды. Олар бірнеше рет топтық бопсалаумен айналысты деген айыппен сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең жас әрі басты айыпталушы 28 жастағы азамат әлеуметтік желідегі бірнеше қоғамдық парақшаларды басқарып, Сайрам ауданындағы бюджеттік ұйымдардың жұмысына қатысты өткір әрі жағымсыз пікірлер жариялаған. Атап айтқанда көліктері техникалық байқаудан өтпеді деген ауылдық аурухананың жедел жәрдем бөлімі мен жөндеу жұмыстары оқушылардың ата-анасы есебінен жасалды деген екі мектеп сынға алынды.

Сот деректері бойынша, бұл айыптаулардың артында мекеме басшыларынан ақша бопсалау әрекеті тұрған. Блогер 54 жастағы сыбайласы, қоғам қайраткерімен бірге компромат жариялау арқылы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін қаржы талап еткен. Сот құжаттарына сәйкес, осы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында сыбайластар үш рет бопсалау әрекетін жасаған, олардың құрбандары – төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы мен екі мектеп директоры. 29 мамырда блогерлер 100 доллар мен 10 мың теңге алып жатқан жерінен ұсталды.

Тергеу барысында блогер жариялаған келеңсіз деректердің мүлдем негізсіз екені анықталды. Нәтижесінде оған алаяқтық жасады деген тағы бір айып тағылды (ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі). Сот екеуін де кінәлі деп тапты. Бопсалаудың бастамашысы баптар жиынтығы үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім түпкілікті емес және оған шағымдануға болады.