Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда «Мұнайшы» орталық бассейнінде қайтыс болған жасөспірім ісіне қатысты құтқарушы сотталды

Атырауда «Мұнайшы» орталық бассейнінде қайтыс болған жасөспірім өліміне қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы жағдайға «Атырау» спорттық су түрлері бойынша клубының 31 жастағы құтқарушысы өзіне жүктелген міндетін орындамағаны үшін кінәлі деп танылды. 

БАХЫТГҮЛ ДҮЙСЕБАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сот үкім етті Ниязбаев Айтжан Бағытжанұлын ҚК306 бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімді бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық Кодекстің 63-бабына сай тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, сотталған Ниязбаевқа бас бостандығынан айырудың шартты түрімен пробациялық бақылау бекітілсін.

Сотта құтқарушы кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші тарап кешірім беріп, процестік келісім жасалған. Айта кетейік, оқиға биыл шілде айында болды. 10 жасар қыз баланы ересектерге арналған жүзу бассейні залына өткізген. Жасөспірім тереңдігі бес жарым метр болатын қауіпті бөлігінде жүзіпті. Баланың бассейн суына батып кеткеніне дер кезінде назар аудармай қалған. Салдары өлімге алып келген. Оқиғадан соң клуб басшылығы құтқарушыны дереу жұмыстан шығарып жіберіпті.