Павлодарда жас ана құрсақтағы сәбиінің өлі тууына дәрігерлерді кінәлайды. Айтуынша, ақ халаттылар перзентханаға барған келіншекке іштегі баланың жүрек соғысы қалыпты екенін айтқан. Алайда, бір күннен соң балада қозғалыс байқалмағанын білген дәрігерлер бірден кесір тілігін жасапты. Алайда, ол кезде шақалақтың жүрегі тоқтап қалған. Осы жағдайға байланысты Кристина Казьмирук облыстық перинаталды орталықтың дәрігерлерін жауапқа тартылуын сұрайды.
КРИСТИНА КАЗЬМИРУК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Перзентханада мені қабылдаған дәрігер іштегі баламның жүрек соғысы жақсы екенін айтты. Ал сәбидің қозғалуын сезбеуім менің толық болғанымнан деп жауап қатты. Бірақ, мен дәрігерге маған тез арада кесір тілігін жасауды өтіндім. Өйткені, менің жүктілік туралы дәптерімде аса қауіпті жүктілік екені жазылған. Онымен қоймай, қант диабетімен де ауырамын. Алайда, гинеколог мені тыңдамады. Осыдан 6 жыл бұрын бірінші жүктілік кезінде осыған ұқсас жағдай болған. Соны да ескерттім.
Жас ананың шағымына қатысты денсаулық сақтау басқармасының уәжі бар. Олардың сөзінше, жас анаға сол күні кесір тілігін жасауға қант диабеті көрсеткішінің жоғары болуы кедергі болған. Сол себепті ақ халаттылар талдау нәтижелерін күткен. Десе де, басқарма сәбидің шетінеуіне қатысты тексеру бастады.
АЙГҮЛ МҰҚЫШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бойынша бүгінгі таңда комиссия құрылды. Комиссия осы екі күн ішінде тексеріс жүргізіп, қорытындысын береміз. Қазіргі таңда акушер-гинеколог басқа бөлімде жұмыс атқарып жатыр.