Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысы шаруалары субсидия ала алмай жүр

"Субсидия ала алмай жүрміз". Осылай деп шағымданған Атырау облысы Құрманғазы ауданының Азғыр өңіріне қарасты шаруалар бас көтерді. Айтуларынша, өңірде биыл қуаңшылық боп, жем-шөптен тарығып қалған. Соны пайдаланған пысықайлар шөп бағасын екі есе қымбаттатып жіберіпті. Ал ауыл шаруашылығына жауапты атқамінерлер көмектесудің орнына құр уәдемен уақыт оздырып жүр,- дейді шаруалар. 

Бұл -облыстан бес жүз шақырым қашықта, Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік селолық округі шаруалары. Мал-жанын тастап, облыс атқамінерлерін іздеп келген. Келмеске амал жоқ, қыста жем-шөптен тарығып, төрт түлікті қырып аламыз ба,- деп уайымдайды. Айтуларынша, аймақ басшылары ауылға кеп, жағдайды өз көздерімен көрген. Бірақ мәселені шешуге асықпай отыр.

Думан МЕҢДЕШЕВ, ЖЕКЕ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕСІ:

Хаттаманың ішінде берілетін жөнінде жазылған. Кейіннен біз бұл жөнінде хабар ала алмадық. Бүгін қараша айының 27-сі, жыл аяқталып жатыр. Желтоқсан басталғаннан кейін мұның бәрі кеш болады. Бір рулонының құны 15 мың тұрады. Есептеңіздер, 1 шара қожалығы 100 руллон алатын болса, 1 миллион жарым ақша. Мың руллон алса, есептеңіздер 15 миллион қаражат кетеді деген сөз. Бұл шаруаларға айтарлықтай соққы. Шаруалардың қазір50 пайыздан жоғырысы әлі толыққанды жем-шөппен қамтылған жоқ.

Бұған дейін шаруалар ірі сабақты мал азығына субсидия алып келген. Онымен қоса шенділер тасымал ұйымдастырып беру жөнінде уәде еткен. Кейін талапқа сай келмеді деп, бас тартыпты. Шенділер шешімін таппай жүргенде рулоны жеті мың бес жүз теңгеге сатылған шөптің бағасы бірден 15 мың теңгеге шарықтаған. Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынадының - өзі. Қуаңшылықтан қысылған халық азды-көпті жайылымды көршілес Батыс Қазақстаннан топтасып келетін киік отап кетеді,- дейді.

Асылжан САБЫРҒАЛИЕВ, ЖЕКЕ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕСІ:

Сүйіндік ауылында 35-ке жуық шаруа қожалық бар. Біздің басты мәселеміз биылғы ірі сабақты мал азығына береміз деген субсидияға байланысты. Қазіргі таңда әлі шешімін таппай отыр. Енді мына ауылда дені мал шаруашылығымен айналысады. Басқа ешқандай кәсіп жоқ бізде. Сүйіндік, Азғыр өңіріне қазір киіктің топтасқан жері. Ауруды тасымалдайтын да киік.

Алыс ауылдан келген шаруалармен кездесуге облыс әкімдігінен жауаптылар бірден шыға қоймады. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Саламат Аманкелді сұрақтарға жауап беруден бас тартып, қол сілтеді. Сүт пісірім уақыттан соң ғана облыс әкімінің орынбасары қабылдады. Ол шаруаларға көмектесудің жалғыз жолы – төтенше жағдай жариялау,- дейді.

ЖАСҰЛАН БИСЕМБИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тектен тек субсидияны бере алмаймыз. Өйткені белгілі бір қиын жағдай орын алу керек. Мысалға, шөп өспей қалып, жаңбыр болмай қалып, соны біздер төтенше деп қабылдап, сол негізге негізделе отырып, біздер төлей аламыз. Азғыр өңірі дейміз, бұл жерге бірнеше елді мекен кіреді.

Шендінің сөзіне сенсек, Азғыр өңіріне төтенше жағдай келесі аптадан бастап жарияланады. Қаржы желтоқсан айында қолдарына тиеді.