Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қазақстан төрағалық еткен кезеңде ҰҚШҰ-ның алдындағы міндеттердің бәрі орындалды", - Президент

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды. Мемлекет басшысы осылай деді. Осы уақыт аралығында ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылды. Толығырақ Сүндет Оралбек тарқатады. 

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларын Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Мәртебелі меймандармен суретке түскеннен кейін шағын құрамдағы сессия отырысына қатысты. Бүгінде аталған ұйым Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың бірі. Жай ғана әскери серіктестік қана емес, ұйымға мүше елдердің егемендігін қорғау мақсатында күш-жігер біріктіретін бірегей механизмге айналған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

ҰҚШҰ қазіргі сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше барлық елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қолдауымыз ең қиын әрі ауқымды міндеттерді шешу жолындағы ұжымдық қабілетімізді нығайтады.

Жиын барысында Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының 2024 жылы ұйымға төрағалығы қорытындыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы кезеңде мемлекеттер арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайтуға, дағдарыс жағдайларында жедел әрекет ету тетіктерінің тиімділігін арттыруға бар күш-жігерін жұмсағанын баса айтты. Сондай-ақ, терроризм, кибершабуыл, есірткі айналымы секілді қоғамның дертіне айналған проблемалармен күресте ұйым мүмкіндігін жетілдіруге баса мән бергенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұйымның жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық операциялар жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Сыртқы істер және қорғаныс министрлері ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін қарастырды. Жалпы, Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріңіз және бірлесе нәтижелі жұмыс атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Бұдан кейін Мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Сессия жұмысын ашып берген Мемлекет басшысы жиында төбе көрсеткен барлық мейманға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұйымға төрағалығы аясында ынтымақтастық бағытында 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылғанын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітімгерлік күштерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік машығын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек-қазан айларында елімізде «Мызғымас бауырластық-2024» ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды

Еліміз жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойды. Осы мақсатта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз.

Мемлекет басшысы Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұйымға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

САДЫР ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келер жылы ұйымға төрағалық ету Қырғызстан Республикасына өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Мен бұл жауапты міндетті қабылдауға дайын екенімді үлкен қуанышпен хабарлаймын. Қырғызстан біздің ұйымның дамуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Барлығы да Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған.