Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда тасқынның шығыны 160 млн теңгеге жуықтайды

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2017
  • 2309

Қарағанды облысында тасқыннан келген шығын көлемі шамамен 160 млн теңгеге жуықтайды. Арнайы құрылған комиссия, жапа шегушілерге алдын ала жүргізілген есеп бойынша осынша өтемақы төлеу керек, деп шешкен. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің жауапты хатшысы Әсел Сәдуақасова мәлімдеді.

Әсел Сәдуақасова, Қарағанды облысы әкімінің жауапты хатшысы:

Алдын ала есеппен 160 млн теңгедей өтемақы төленбекші. Оның 148 млн-нан астамы облыстық бюджеттен, 12 млн теңгедей аудандардан беріледі. Бұл қаржыға жапа шеккендер үйлерін жөндеп, қажетті тұрмыстық техника сатып алуына болады.

Бюджеттен бөлінген қаражаттың 112 млн теңгеден астамы Бұқар жырау ауданының тұрғындарына бөлінбек. Мұнда әсіресе, Садовое мен Чкалово ауылдары қатты зардап шеккен. Ауылдықтарға, өтемақыдан басқа қайырымдылық көмек көрсетіледі. Бүгінде Қызыл жарты ай қоғамының Қарағандыдағы филиалының арнайы шотына 19 млн теңгеден астам қаржы жиналған. Оның 6 млн-ы тұрғындардың қажеттілігіне жұмсалған. Еске салсақ, Қарақаралы, Абай, Бұқар жырау, Шет, Нұра аудандарында тасқын болып, төтенше жағдай жарияланған болатын.

Айжан ҚУАШ