Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда заңсыз құрылыс тоқтатылды

Павлодарда тұрғындар жеке меншік баспаналардың қасынан көпқабатты үй салуға қарсылық танытты. Бұған -үйлердің орталық жылу жүйесіне қосылмауы себеп. Әкімдік жеке меншік үйлерге инженерлік желілерді тартуға рұқсат бермеген. Алайда, көп пәтерлі баспана салуға кімнің рұқсат бергені түсініксіз. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.
    
Бұл ықшамда ауданда жеке меншік үйлер орналасқан. Сол себепті мұнда 2 қабаттан жоғары баспаналар салуға болмайды. Оған қарамастан, көпқабатты тұрғын үй бой көтерген. Бұқара қанша шағымданса да, ешкім тыңдамапты. Енді жақында тағы бір көп пәтерлі баспананың қазығы қағылды.

ӘДІЛЕТ МАШРАПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз өткен жылы орталық жылуға және кәріз жүйесіне қосылуға өтініш бергенбіз. Әкімдік бізге рұқсат бермеді. Айтқан жауаптары жылу қосылуға қазандықтың қуаты жетпейді - деген. Енді келіп, көп қабатты үй салуға рұқсат береді. Бұл қалай? Яғни, әділетсіздік бар - деп есептеймін. Әуелі үйдің заңды түрде салынып жатқанын да тексеру керек.

Ал құзырлы органдар бұл құрылыстың заңсыз екенін айтады. Қазіргі уақытқа дейін құрылысшылар тұрғын үй салуға рұқсат алмаған. Сол себепті құрылыс жұмыстарын тоқтатты.

МАДИЯР ИМАНХАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ ҚҰРЫЛЫСЫН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Егер құрылысшы ол жерге 3,4,5 қабатты үй салатын болса, біз әкімшілік шара қолданатын боламыз. Рұқсат қағазы болмаса, тіпті, үйді бұзуға дейін барамыз. Қазір құрылыс тоқтатылды.
Бұл мәселені «AMANAT» партиясы өз бақылауына алды. Құрылыс жұмыстарының заңдылығын тексермек.

АЙДАР ҚҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл құрылыс «AMANAT» партиясының бақылауында болады. Бәрі құжаттары дұрыс болса, заңды болса, салуға болады. Заңсыз болса, әрине, «AMANAT» партиясы өз бақылауымызға аламыз.
Соңғы жылдары қалада заңсыз құрылыс қаптап кетті. 96 нысанда заң бұзушылық анықталды. Олардың алтауы құрылыс талаптарын өрескел бұзған. Сол себепті бұзуға жіберілген. Алайда, әлі күнге дейін сот шешімін орындамай отырғандар бар.