Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәсіпкерлер монополистердің әрекетіне наразы

  • AstanaTV
  • 17 мамыр 2017
  • 2686

Кәсіпкер суды тұтынғаны үшін 28 млн теңге төлеуге шақ қалды. "Астана су арнасы" мамандары "пломбаны жұлдыңдар" деген желеумен Астанадағы серіктестіктердің біріне осынша сомада қаржы төлеуді міндеттеген.

Жұлдыз Какенов, кәсіпкер:

Біз ай сайын суға 150-200 мың теңге ақы төлейміз, олардың ұсынған сомасы бұдан 140 есе көп, яғни мұнша мөлшердегі қаржы біздің ауызсу үшін 12 жыл бойы төлеуімізге жетеді екен.

Мұндай ірі соманы төлей алмаймын деген кәсіпкер сотқа жүгінеді. Сот процесі 4 ай бойы жалғасқан. Ақыры іс кәсіпкердің пайдасына шешіледі. Бұл бір ғана мысал, және әрдайым бұлай бола бермейді,-дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері. Яғни бизнес иелері жиі жеңіліс табады.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мамандары осындай жағдайға тап болған тағы бірнеше бизнес иесі бар екенін растады. Ал "Астана су арнасының" өкілдері, пломба жоқ болса, құбырдың өткізгіштік қауқарына сай мөлшерде ақша төлетуге құқылымыз, дейді. Бұл әрекет құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы агенттігі бекіткен арнайы әдістемеге сүйеніп жасалатын көрінеді. Палата өкілдері "бұл кәсіпкерлердің қалтасын қағу" деп ашынады. Жоғарыдағы әдістемеге түзету енгізу керек десті.

Қазбек Көшеков, Астана қалалық ТМР бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы:

Бұл мәселе әлі талқыланып жатыр, тағы бір айтарым, аталған әдістемеге өзгеріс енгізу біздің ведомствоның құзырына кірмейді. Болашақта мәселе жан-жақты қаралады, ол процеске біз қатысамыз, монополистер мен тұтынушылардың ұсыныс- тілектері ескеріле отырып, бір мәмілеге келеміз деген ойдамын. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА