Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанда өзге елдің азаматтары 9 миллион теңге айыппұлды өтемеген

  • AstanaTV
  • 17 мамыр 2017
  • 2768

Солтүстік Қазақстан облысында шетел азаматтары елде жүру тәртібін бұзғаны үшін 9 миллион теңге айыппұл қарыз. Енді аймақ сақшылары оларды елден шығарып жіберуге мәжбүр. Биыл осындай 61 адам қуылды. Заңға бағынбаған өзге ел азаматтарынан айыппұл қалай өндіріледі? Абзал Құрманкин анықтады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қызылжар елдің солтүстік қақпасы болғандықтан, мұнда Ресей азаматтары көптеп ағылады. Қазір облыста барлығы 3 мыңнан астам шетел азаматы тұрып жатса, оның 80 пайызы - көрші елдің өкілдері. Алайда, полицейлердің айтуынша, көп жағдайда заңбұзушылықтарға ресейліктер емес, Өзбекстан, Тәжікістан мен Қырғыз мемлекеттерінің азаматтары жол береді.

Петропавлда екі қолға бір күрек табу үшін Өзбекстаннан келген Ғалымжан Ахатов қазір көші-қон полициясының қара тізіміне еніп отыр. Қызылжарда анда-мұнда еңбек еткен ол салық төлемей келген. Құқыққорғау органдары, айыппұл да төлемеген соң, елден шығару туралы шешім қабылдаған.

Ғалымжан Ахатов, Өзбекстан азаматы:

Мұнда тұрақты жұмыс орнын таба алмадым. Мемлекеттік тіркеуге тұруға қаражатым болмады. Сот мені еліме қайтару жөнінде шешім шығарды. Айыппұлдарды төледім. Енді сот шешімі күшіне енген бойда елге қайтамын.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстаннан 61 шетел азаматы қуылды. Көбі миграциялық талаптарын орындамаған. Алайда, қара тізімде әкімшілік және қылмыстық заңбұзушылықтарға жол бергендер де бар.

Еділ Қазиев, СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының инспекторы:

2016 жылы 181 адам, ал биыл 61 шетел азаматы айдалса, оның жетеуі Әкімшілік кодекске қайшы келетін әрекеттер жасаған. Бұзақылық, жол ережелерін бұзу, ішімдікті ішу сынды заңдарды бұзған. Отанына қайтарылған адамдарға 5 жылға дейін Қазақстан территориясына кіруге тыйым салынған.

Өзбек, тәжік және қырғыз елінен келген азаматтар Қазақстанда 5 күнге дейін тіркеусіз жүруге құқылы. Алайда, белгілі мерзім өткен соң шетелдіктердің көбі тығылмақ ойынын ойнауды жөн санайды. Сондықтан тәртіп сақшылары ара-тұра рейд жүргізіп отырады. Соңғы кезде олар босаңсыған көрінеді. 4 айдың ішінде қалалық сот 383 шетел азаматының ісін қараған. Бұл былтырғыдан көп. Айыппұлды өндіру механизмі де осал. Өткен жылы 11 миллион теңге айыппұл салынса, тек жартысы ғана төленген. Биылғы қарыздары да аз емес. 

Айгүл Ақпанова, Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік соты төрайымының міндетін атқарушы:

Биыл біз 140 істің шешімі бойынша барлығы 4 миллион 914 мың теңгеге айыппұл салдық. Бірақ қазір оның 1,2 миллионы ғана төленді. Былтырдан қалған қарыздар да бар. Егер іс сот орындаушыларына кетсе, олар отандарына қайта алмайды. А айыппұлы 20 айлық есептік көрсеткіштен асқан азаматтар қарызын өтемей кетсе, бұдан былай  Қазақстанға кіруге тыйым салынады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Айыппұлды өтеу жөнінде мемлекетаралық келісімшарттар бірде-бір елмен жасалмаған. Құқыққорғау органдары осылай деп отыр. Демек, заңның бұл тұсы жетілдіруді қажет етеді.