Атырау облысында вагондар рельстен шығып, салдарынан жерге күкірт шашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыстық Экология департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін, 7 желтоқсанда Мақат ауданында болған.
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің "ЖТ Атырау бөлімшесі" филиалының Мақат ауданында 4 вагоны жолдан шығып, оның екеуі аударылған. Соның салдарынан ішіндегі күкірт жерге шашылған. Қазіргі кезде жауапты мамандарға вагондарды көтеріп, қалпына келтіруге тапсырма берілген, себебі анықталуда, - деп атап өтті ведомстводан.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары оқиға орнына қарау жұмыстарын жүргізіп, сынама алу мақсатында оқиға орнына жолға шыққаны айтылды.