Ақтөбе облысының Алға ауданында мал ұрлығына қатысы бар колледж студенттері қолға түсті. 30 қарашада түнгі уақытта ауыл тұрғынының қорасына ұрлыққа түскен екі күдікті жедел-іздестіру шаралары барысында «ізін суытпай» ұсталды. Олар екі қойды автокөлікке тиеп әкетпек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, ұсталғандар соңғы екі айда осы ауылдың тағы бір тұрғынының жеке шаруашылығына алты рет кіріп, барлығы сегіз қойды ұрлаған. Жануарларды жеңіл автокөлікпен тасымалдап, таңертең мал базарында сатып, түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
«Ұрланған қойлар иелеріне қайтарылды. Күдіктілер кінәларын толық мойындады. Мал ұрлығы деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оларға бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», - делінген хабарламада.