Үйінен шыға сала қоқысты оңды-солды тастайтындар азаяр емес. Тұрғындар есік алдына ескірген жиһаз, төсек-орын, тіпті, тұрмыстық техниканы лақтырудан қымсынар емес. Қоқыс орнына дейін жеткізсе мейлі ғой. Пәтер жанындағы кішкентай жәшікке үйіп төгіп кетеді. Мұндайлар мәдениетсіздік үшін қанша айыппұл арқалайтынын білмесе керек. Ендеше ескере жүрсін. Аружан Задабек айтады.
Әрбір қазақстандық күніне жарты келіге жуық қоқыс шығарады. Демек бір жылда 167 килодан астам қалдық тастайды. 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70%-ға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді деген болжам бар. Бұл орындалса, Жер нағыз қоқыс полигонына айналуы мүмкін. Бұған қалдықты бөліп жинау мәдениеті әлі күнге дейін жолға қойылмауы себеп. Әсіресе, Қазақстан осы салада ақсап тұр. Біздегі тұрғындар басқаны айтпағанда, үйінен шыққан шығысты арнайы жәшікке дейін апарып, сала алмайды. Жол бойына тастап кету әдетке айналған.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. Мына Алматының іргесінде Алтын Орда деген базар бар. Барсаңыз енді күл-қоқыс, шаң-тозаң, құрт-құмырысқадан көзі жылтырайды. Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма деп кейде еріксіз кейисің...
Тазалық дегенде қалыптасып қалған қағида бар. Жұрт көшедегі қоқыс тазалық қызметкеріне ғана қажет деп ұғады-ау, сірә! Айналасын құрметтемей, қалдығын оңды-солды шашатындарға қарап осылай айтпасқа амал қалмады. Шаһардың тап-тұйнақтай болуы бір адамға жүктелген шаруа емес. Ортақ қала – ортақ міндет.
ӘНУАР МАГАЛОВ, "АСТАНА ТАЗАЛЫҚ" ЖШС ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бізде «Астана тазалық» мекемесінде 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жұмыс екі ауысыммен. Астана қаласының 40 пайызын Астана тазалық тазалайды. Бізге санитарлық тазалау, механикалық, қолмен тазалау бойынша жұмыс жүргізіледі.
Пәтерге кіреберістегі есіктің жанынан қоқыс салынған дорбаны жиі байқаймыз. Қолындағы қалдығын керекті жерге дейін жеткізе алмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Нақтырақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Бұл - 78 640 теңге. Егер азамат қатесін қайталаса 117 960 теңге төлеуге міндетті.
АЗАМАТ САДЫҚОВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Ағымдағы жылдың басынан бастап 2 мыңға жуық ұсақ бұзақылық жасаған ҚР азаматы ұсталып, оның 434 бабына сәйкес ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық кодексіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Болмаса 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Дамыған елдер үшін жерде жатқан қоқыс – табыс көзі. Бизнес қана емес, әлеуметтік жауапты іс, яғни, қалтаға да, табиғатқа да пайда әкеледі. Қарапайым қағаздан бастап, шөлмек пен темірге дейін қайта өңдеуге жарамды. Мысалы, Франция қоқыс сұрыптауда алдыңғы орында. Париж маңындағы Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ әдісімен өртеп, атмосфераға зиян келтірмейді. Қоқысты өңдеу арқылы француздар алюминий, әйнек пен газет қағазын шығарады.