Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның ҰҚШҰ-на төрағалық еткен кезеңінің қорытындысы жарияланды

Қазақстанның Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымына төрағалығы кезінде ұйым мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтты. Бұл туралы Мәскеуде өткен Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Басқосуға Мәжіліс төраға Ерлан Қошанов қатысты. Қазақстанның төрағалығы кезінде Шанхай Ынтымақтастығы ұйымымен ынтымақтастықты арттырған. Мәжіліс спикері өз сөзінде Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы Парламенттік Ассамблеясы мүше мемлекеттерге қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты. Соңғы жылдары Ассамблея ұжымдық қауіпсіздіктің маңызды аспектілерін қамтитын бірқатар модельдік заңнамалық акті қабылдады. Атап айтқанда, ақпараттық және биологиялық қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, есірткі саудасына тосқауыл қою салаларындағы құжаттар.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әріптесімізбен бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық еткен кезеңде ұйым алдында тұрған барлық міндет толық орындалды. Астанада өткен кездесуде елдеріміздің көшбасшылары Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған іс-шараларға жоғары баға беріп, ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар қабылдады. Біз серіктестерімізге бұл құжаттардың табысты жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ортақ мүдделерімізді ескере отырып, ҰҚШҰ Парламенттік өлшемін кезең-кезеңімен дамыту мен нығайту бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз