Русский Сайттың толық нұсқасы

Отбасы банк төрағасы 8 млрд теңгеден астам ақша сұрады

Келер жылы "Наурыз" бағдарламасының талабы қатаңдауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Осы арқылы тұрғындарға дайын үй ұсынылуы көзделіп отыр. Бұдан өзге, үй кезегінде тұрғандар тізімі де қайта жаңарады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға жеделдетуді жүктеді. Ал, "Отбасы банк" үкіметтен 8 млрд-тан астам ақша сұрады. Қыруар қаржы қай бағдарламаға жұмсалмақ? Әріптесім Бекболат Сатуов  тарқатады. 

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Биыл ипотекалық бағдарламалар бойынша 25 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге кірген. Оның 40 пайызы «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына тиесілі. Ал жаңа жылдан бастап жаңа меже қойылып отыр. Енді "Наурыз" бағдарламасына қатысу үшін «Отбасы банкіндегі» шотта кемі 2 миллион теңге болуы керек. Бұл өзгеріс жұмысты жеделдету үшін жасалып жатыр.

ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

Көптеген сатып алушылар тұрғын үйді дайын күйде алуды қалайды. Өйткені жөндеу жұмыстарының шығындары көбейіп кетеді. Сондықтан барлық тұрғын құрылыс компанияларының қауымдастығымен бірқатар кездесулер өткіздік. Олар порталға пәтерлерді дайын күйінде қояды. Ал сатып алушылар порталдағы пәтер құнының 10 пайызын салу арқылы алуға келісім береді.

2025 жылы бұл бағдарламаға 300 млрд теңге бөлінбек. Оған әлеуметтік осал топ мүшелері мен үй кезегіндегі азаматтар қатыса алады. Әсіресе, бағдарлама жас отбасылар арасында ең танымалы. Сондықтан "Отбасы банк" бағдарламаны келесі жылы жалғастыру үшін үкіметтен бірінші рет 8 млрд-тан астам қаражат сұрады.

ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА,«ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

2025 жылы «Наурыз» бағдарламасының табысты жүзеге асуы үшін бюджет қаражатын бөлу процесін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие. Сондықтан банк осы жұмыстарды ары қарай жалғастыруды жоспарлайды.

Бұдан бөлек, енді үй кезегі бойынша тізімде қайта жаңарады. Үкімет басшысы берілген тапсырма аяқсыз қалды деп шүйлікті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ, бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде, шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек.

Бағдарламаларға жетіклікті қаражат бөлінгенімен мәселе жетіспеушілікке келіп тіреледі. Мәселен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстары бойынша тұрғын үйге дефицит байқалады. Бұл 2025 жылы қайталануы мүмкін. Сондықтан Премьер-мнистр Олжас Бектенов құрылыс нысандарының уақытылы іске қосылмауын сынға алды. Салдарынан шағым көбейген. Осыған байланысты енді жаңа құрылыс кодексінің тиімділігін арттыру тапсырылды.