Қорқор тартқан қор болар. Атырауда полицейлер қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салу туралы заңды бұзғандарды анықтап жатыр. Жәй анықтап қоймай, кальянқұмарларға хаттама толтыруда. Демалуға келіп, айыппұл арқалап шыққандар жетерлік.
Қаладағы танымал лаундж-бардың бірінің іші көк түтін. Әр үстелде қорқор. Полицейлер сау етіп кіріп келгенде, кейбір демалушылар ас-суын тастап, зытып кетті. Қорқор қызыл шоғымен қалған. Бетін басып, үстелін тастай қашқанмен, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң – ортақ. Демалыстың да заңды түрін таңдамасаң, арқалайтының – айыппұл.
ҚАРШЫҒА ДҮЙЕСЕНҒАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі уақытта 37 хаттама толтырылды. Ол бойынша, барлығы айлық есептік көрсеткішті есептегенде 2 млн теңгедей айыппұл салынып отыр. Бұл жеке тұғрындарға жеке азаматтар жеке тұлғаға саланарын айыппұлдар. Алайда кейбір кафе-барлар әлі де қолдануда. Осы бойынша қазіргі уақытта қосымша жұмыс жасап жатырмыз.
Шаһардағы кальянқұмарларға жағдай жасаған кәсіпкерлер де жазасыз қалмайды. Заңды біле тұра, кафе-бар иелері қорқордың түтіндетуін тоқтар емес. Заң күшейсе де, вейп өнімдерін сөренің астына тығып қойып сататындар да, көше қалтарысында қыдырып жүрген секілденіп, ұсынатындар да бар,- дейді полицейлер. Облыста жыл басынан бері вейп сату бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Оның біреуі ауданда. Қалғаны облыс орталығында. Мәселен, Балықшы ықшам ауданындағы дүкендердің бірінің иесінің үстінен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Дүкеннен 28 дана тыйым салынған электронды темекіні тәркіледі. Вейп сөреге қойылмаған, жасырын саудалаған. Қаншасы сатылып кеткені белгісіз.