Қызылордада мал ұрлығын кәсіпке айналдырған төрт адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицейлер оларды кезекті қылмыс жасап, "ізін суытпақ" болған кезде қолға түсірді. Тергеу барысында күдіктілер жайылымда қараусыз жүрген малдарды жасырын ұрлап келгені анықталды. Мал ұрылары жергілікті тұрғындарға 3 миллион теңгеден астам шығын келтірді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі ірі қара мал айғақ ретінде алынып, иелеріне қайтарылды. Ұрланған малды тасымалдау мақсатында арнайы пайдаланылған ГАЗель автокөлігі айып алаңына қойылды.
Ұсталған күдіктілердің қала аумағында 7 мал ұрлығын жасағандығы анықталып, олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда тергеп-тексеру әрекеттері аяқталып, іс сотта қаралып жатыр.