Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет 108 жастағы сиыр мен өлген адамға субсидия берген

Үкімет 108 жастағы сиырға субсидия берген. Ірі қараның ары кетсе 20 жыл өмір сүретінін ескерсек, оның тірі екеніне сену қиын. Ұзақ жасады деп ақтайын десең, ет десе барын беретін қазақ соғымға қимады деу күмән тудырады. Малды былай қойғанда, субсидия өлген адамға да бөлініпті. Батпанқұйрықтың басында кім тұр? Әріптесім Аружан Задабек толығырақ айтады.

Бүгін басшылар мен депутаттар ауыл шаруашылығын дамыту жайын талқылау керек еді. Бірақ, біз жемқорлық туралы есеп тыңдағандай күй кештік. Олай дейтініміз, депутаттар бірінен кейін бірі саладағы былықты жайып салып, беттің арын белге байлағандардың әрекетін сынады. Бір-біріне сөз бермей, кәдімгі талқылау майданын көргендей болдық. Бір бастаса қоя алмайтын мәжілісмендер «қой» дегендерден пікір айтуға минут сұрап, жалынды, тіпті.

Минут сұраған Дайрабаев қана емес. Базарбектің де айтпағы көп екен. Регламенттен асса да, айтарымды аяқтайын деп қиылды депутат.

Қысқасы, Базарбектің айтпағы мынау. Біздің Үкімет 108 жастағы сиырға субсидия беріп келген. Құжатта ірі қара 1917 жылдың наурызында туған деп көрсетіліпті. Басқаша айтсақ, әкімдіктер Амангелді Иманов көтерілісі басталардан екі жыл бұрын туған малға ақша бөлген. Бұл жемқорлық демей, немене?

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Субсидия жұмыс істемейтін фирмаларға, банкрот болған кәсіпорынға, тіпті, жалған кәсіпкерлерге берілген. Қайтыс болған адамға бөлінген қаржы да бар.

«Жетісіппіз» деген депутат жетістіктің де барын мойындады. Жалпы, аудиторлық палатаның жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Әріптестері мәжілісменнің бұл сөзіне аң-таң болғаны рас. Тіпті, Төрағаның өзі сіздің "ризамын" дегеніңізді алғаш рет естідім деп әзілдеді.

Қанша көп сөйледі десек те, депутаттардың сөзінде жан бар. Бюджеттің тоналып жатқанда бей-жай қарамауының өзі жетістік емес пе?! Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы жемқорлықтың бар екенін жасырмады. Әлгі 108-дегі сиырға қатысты айтқан ақпаратты да растады. Бұдан бөлек, мыңнан аса адам кәсіпкер ретінде тіркелмей 1,5 млрд теңге субсидия алған, - дейді.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржы саласындағы талаптарды бұзу деректері анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені құрады. Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді.

5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Берілгенн ақшаның құмға сіңген судай болуына осы себеп болса керек.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекеттен бөлініп жатқан субсидиялар Президенттің барлық тапсырмасын іске асыруға жұмыс істеу керек. Бұл ретте субсидяи жүйесі барынша қарапайым, ашық, түсінікті әрі тұрақты болуы шарт. Үкімет бүгінгі күннің талқылауы бойынша депутаттардыңұсынымдарының барлығын ескеру қажет.

Депутаттардың сөзінен жұлым-жұлымы шыққан ауыл шаруашылығы министрі үнсіз қалсам, кінәмді мойындағандай боламын деді ме, қайдам, сөз беруін өтінді. Сөйтті де, сынағандарға алғысын жаудырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Құрметті, депутаттар! Біріншіден, депутаттарға жасаған ұсыныстары үшін және Жоғары аудиторлық палата аграрлық секторды субсидиялау жүйесіне барынша терең талдау жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін!

Бір сөзбен айтқанда шенеунік шүйліккендерге барлық сынды ескеремін деп уәде берді. Сенейік.