Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Ұлытау облысының экономикасына 158 млрд теңге инвестиция құйылған

Биыл Ұлытау облысының экономикасына 158 млрд теңге инвестиция құйылған. Оның 40 пайыздан астамы Жезқазған қаласын өркендетуге жұмсалды. Аймақта не өзгерді? Бүгін облыс әкімі Дастан Рыспеков халықпен кездесіп, есеп берді.

Аймақ басшысының айтуынша, қомақты қаржы экономикаға біраз серпін берген. Өңірде 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 200 жұмыс орны ашылды. Оның көбі әрине облыс орталығы Жезқазғанда.

ДАСТАН РЫСПЕКОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Оның ішінде 5 инвестжоба Жезқазғанда жүзеге асырылды. Олар Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандырып модернизациялау, “Хан ордасы” қонақ үй кешені, асфальтбетон щауытының құрылысы, құс фабрикасы, минералдық қоспалар өндірісінің зауыты. Барлығы шамамен 3 млрд теңгені құрап отыр.

Аймақта шағын және орта бизнес қарыштап дами бастаған. Кәсіпкерлер аймақтың әрбір бесінші тұрғынын жұмыспен қамтып отыр,- дейді облыс әкімі. Жыл басынан бері, кәсіпкерлер тарапынан өндірілген өнім көлемі 134 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға жоғары.

ДАСТАН РЫСПЕКОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Облыста тауар айналысы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті, оның ішінде Жезқазғанда 10%-ға өсті. Жас кәсіпкерлер 500 млн теңгеге қайтарымсыз 180 мемлекеттік грантқа ие болды. Ағымдағы жылы сауда және қызмет көрсету саласында 2,3 млрд теңгеге 73 жаңа нысан ашылды.

Қаланы ірі сауда орталығының құрылысы басталған. Сондай- ақ 30 ға тарта тұрғын үй салынып жатыр. Биыл негізгі күш әлеуметтік салаға жұмсалды. Балабақшалар, кардио және оңалту орталықтары, мектептер мен құс фабрикасы ашылды.