Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысы әлі де Үкіметтің дотациясында отыр

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2017
  • 2683

Оңтүстік Қазақстан облысы әлі де Үкіметтің мойнынан түскен жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы 80 пайыз мемлекеттің дотациясына тәуелді. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мұны мойындады. Әкім өңірдің индустриалдық тірлігін тәтпіштеп баяндады. Облыста 11 индустриалды және 1 арнайы экономикалық аймақ барын айтты. Журналистердің "Оңтүстікте индустриалдық жобалар әлем-жәлем ашылып, неге бірер күннен соң жабылып жатады" деген сұрағына "қателіктер бар" деп мойындады.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Индустриалды аймақтарды құрғанда электр қуатымен қамту барысында қателіктерге жол берілді. Қазір түзеп жатырмыз. Барлық журналистерді көруге шақарамын. Жасыратын ештеңе жоқ. Бұл Бадам индустриалдық аймағына қатысты болды. Электр қуаты жетіспеді, қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз.

Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласын алып мегаполиске жатқызуға мүмкіндік беретін индикаторлар мен өлшемдердің әлі жүріп жатқаны туралы хабарлады. Сөйтсек, қалада 217 мың жер үй бар екен. Қаланы меагполиске айналдыруға солар кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Ал онда халықтың 60 пайызы тұрып жатыр. Ал көп қабатты үйлер саны екі мыңнан сәл асады. Олардың санын «Shymkent City» жобасы арқылы арттырамыз - деді Түймебаев. Ауданның негізгі инфрақұрылымдық жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Аймақ басшысы халықтың тығыздығын айта келе, оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру шаруасын құптайтынын жеткізді.

Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

670 отбасы 2 мыңдай адам көшуге ниет білдірді. Оларға 4 облыстан әкімдері, фирмалардың басшылары келіп, түгел тізімін алып, олармен тікелей жұмыс істеуде. Оларды баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру, мектептерге беру мәселелері. ОҚО жер көлемі 4,4 пайыз. Ал халқының саны 3 млн. Яғни бестен бірі деп айтуға болады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ