Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды-Астана бағытында 700-ден астам көлік тұрып қалды

Қыс қаһарына мінді. Еліміздің бірнеше өңірінде ауа райы күрт нашарлап, жолдар жабылды. Шырайлы Шымкентте қалыңдығы 16 см қар жауды. Ал Қарағанды-Астана бағытында 700-ден астам көлік тұрып қалған. Алматы да ақ ұлпаның астында қалды. Мегаполисте бірден он күннің қары жауған. Салдарынан соңғы тәулікте 30 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 адам зардап шекті. Аймақтардағы ахуалды толығырақ тілшілер баяндайды.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Демалыс күндері кей тұрғындар үшін жайлы өткен жоқ. Табиғат тосын мінез көрсетіп, күшіне мінді. Ескертуді елемей, жолға шыққандар опық жеп, жауапсыздықтың зардабын шекті. Еліміздің бірқатар өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Арқаның ақтүтек бораны жұртты біраз әбігерге салды.

Қарағанды-Астана бағытында 700-ден астам көлік тұрып қалды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Осылайша тәртіп сақшылары көліктерді жетегіне алып, Ақмола облысының аумағына дейін апарды. Сондай-ақ, Ақмола облысы аумағынан Қарағанды бағытына 1 мың көлік жеткізілді.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Ауа райының бұзылуына байланысты Ақмола облысында жүк көліктері үшін үш жолдың учаскесі жабылды. Нақтырақ айтсақ, Қостанай облысының шекарасынан Сұрған ауылына дейін, Ақсай ауылынан Есіл қаласына дейін және Бұзылық ауылынан Сұрған ауылына дейінгі учаскілер. Қазір жағдай тұрақты. Жолаушылардың жүріп-тұруына шектеу жоқ. Дегенмен, полиция барынша сақ болып, алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Жол Солтүстік пен Батыста ғана жабылған жоқ. Оңтүстік аймақтарға да қар қалың түсті. Айзада ақ ұлпа көліктердің жүруіне кедергі келтірді ме?

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мөлдір, Шымкент пен Түркістан облысы аумағында да демалыс күндері қалың қар жауып, боран соқты. Қалада 16 см қалыңдықта қар жауса, таулы аудандарда 15-20 см қалыңдықта ақ ұлпа түскен.

Түркістан облысында ауа райы күрт суытып, қалың қар түсуіне байланысты жол жабылып, жүргізушілерге қолайсыздық туғызды. Жер тайғақ болғандықтан кейбір ауыр жүк көліктері жолдан шығып кеткен жағдайлар тіркелді. Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу мен көмек қолын созу мақсатында күшейтілген күн тәртібінде қызмет етті. Жол сақшылары небәрі 12 сағаттың ішінде 200-ден астам жүк көлігіне көмектесіп, жолдан қауіпсіз жүруіне атсалысты.

АСХАТ МЕЙІРБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Түркістан облысы аумағында қар жауып, жер тайғақ болуына байланысты жол-көлік оқиғалары орын алуда. Жібек жолы-Жетісай бағытын патрульдеу барысында үлкен жүк көліктің жолдан шығып кеткен жәйті орын алып отыр. Қосалқы күштерді шақыртып, осы автокөлікті жолға шығару жұмыстары жүргізілуде.

КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Жол патрульдік қызметкерлеріне алғысым шексіз. Өздерінің барынша, қолынан келгенінше қызметін көрсетіп, басқа да автокөліктерге кедергісіз мені жолдан шығарып, және де елдің сақтығын қамтамасыз етіп жүргеніне алғысым шексіз.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Боранда қалғандар жоқ. Қазір барлық аудандарда жол ашық. Айта кетейін, кешелі бері күн ашық болып тұрғанымен, түнде 14 градусқа дейін, ал облыстың солтүстік және таулы аймақтарында 15-18 градусқа дейін аяз сақталуда.

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазгидромет мамандарының мәліметінше, алдағы тәуліктерде ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Синоптиктер қаңтардың 21-22-сіне облыстың таулы аймақтарында аздаған қар күтіледі деп болжап отыр. Ал Алматыға онкүндік мөлшеріндегі қар жауды. Жомарт, коммуналдық қызметкерлер жолды тазалап үлгіріп жатыр ма?

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Иә, Айзада, 15 пен 16 желтоқсан күндері Алматыға қалың қар жауды. Ақ ұлпаның қалыңдығы қала ішінде 22 см болса, Шымбұлақ тауында 42 см-ге дейін жеткен.

Мегаполистегі тазалық жұмыстарына 600 - ден астам техника қолданылып, мыңнан аса жол жұмысшысы жұмылдырылды. Шаһардан шығарылған қардың мөлшері - 6,5 мың текше метр.

ЖАНАТ ЖАҚЫПБЕК, ҚАЛАЛЫҚ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қарды уақтылы шығару бойынша жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында автокөлік жүргізушілерінен автокөлікті жол жиектеріне, әсіресе түнгі уақытта қоймауын сұраймыз. Бір тәулікте жауған қардың мөлшері он күндік норманы құрағанына байланысты, қаланың негізгі магистраль көшелерінен қар шығару бүгін түнде аяқталады.

Он күннің қары бірден жауғаннан кейін жұмысшылардың бәрі үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Қалада кептелістің де артқаны байқалады. Соңғы тәулікте 30 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 адам зардап шекті.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Тазалықтары да жақсы. Бәрін уақытылы тазалап жатыр. Ол кісілерге де үлкен алғыс суыққа қарамай, сондай тазалық жүргізіп жатыр.
- Қар жауғаннан кейін қалада кептеліс одан әрі күшейіп кетті. Ол енді ауа райы бұзылған сайын кептелісте өте көп орын алды.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ :

Синоптиктер боран әлі басылмайды дейді. Алматы облысының солтүстігінде және таулы аудандарында күн аяздап, 25-28 градусқа дейін суық болады деп ескертті. Өзге де аймақтарда жел күшейіп, көктайғақ болуы мүмкін