11 айда елімізде Жалпы Ішкі Өнімнің өсімі 4,4 пайызға артты. Бұған мұнайдан өзге салалардағы өсім септігін тигізді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдануында болған Премьер-министр баяндады. Олжас Бектеновтың айтуынша, өңдеу саласындағы экспорт 10,2 пайызға өсіп, 23,3 млрд долларға жетті. Шеттен әкелінетін импорт көлемі 3,3 пайызға азайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция да айтарлықтай өсім көрсетті. Үкімет басшысы Президентке іскерлік белсенділікті арттыру мен өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жоспарды таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министрге ауыл шаруашылығы, құрылыс пен көлік салаларындағы атқарылып жатқан жұмысты жалғастыру керектігін ескертті. Сонымен қатар, инвестиция тарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.