Русский Сайттың толық нұсқасы

Барлық аймақта ерекше бейнеде көк ту желбіреді

Тәуелсіздік күнін 33 жылдан бері тоқтаусыз тойлап келеміз. Қазақ даласына ғана тән айтулы күн әсте елеусіз қалған емес. Биыл да ерекше ескерілді. Барлық аймақта орталық көшілерге орнатылған лэд экранда көк ту желбіререген бейне көрсетілді. "Сен қандай бақытты едің келер ұрпақ,

Қараймын елесіңе мен таңырқап." Бұл - азаттықты аңсаған, бодандықтан шаршаған кешегілердің шері, жан тебіренісі. Расымен де осы күні бақытты болуға тосқауыл жоқ. Оған көгіміз бен төрімізде желбіреген көк ту, шырқалған әнұран, қайғысыз-қамсыз күндер дәлел.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі абырой-беделі жоғары, стратегиялық бағдары айқын мемлекет ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Халқымыз бұған еселі еңбек пен ырысты ынтымақтың арқасында қол жеткізді. Біз осы берекелі бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, қиындықтың бәрінен сүрінбей өтеміз. Тәуелсіз еліміз өркениетті, озық мемлекет ретінде дами береді.

Шырқалған әнұран демекші бұл жай ғана сөз араласқан әуен емес. Бүгінде "менің елім" дегенді естісе еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін орнынан тұрып, алақанын жүрегіне бұрып, отанның гүлі боп егіліп, жыры боп төгіле жөнеледі.

"Елдің ұраны өшпей, еліміз өскей..." деп тілейді жұрт. Дала көркемдікке, қала өркениетке, ауыл өміршеңдікке қарай бет алса құба-құп. Ал одан ұлттық һәм еркіндік лебі есіп тұрса, жанға жайлылық деген - сол.

Тойланса да, тойланбаса да, тәуелсіздік - қымбат та қасиетті ұғым, бірақ ойланбаса тағы болмайды: тереңіне талай тарихты бүккен, ол үшін талайлар басын бәйгеге тіккен, біреу зарыға, біреу қамыға күткен "игілік" бұл.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жанын пида етіп, біз үшін осы тәуелсіздіктен, ашық аспанда өмір сүріп жатқанымыз сол кісілердің арқасында.
- Тәуелсіздік деген мен үшін - бақыт, еркіндік, өз ойыңды еркін жеткізе алу.
- Қазақстанның өз жолы, өз бағыты бар, ешкімге бағынышты емес. Бұл тәуелсіздіктің жемісі.

Көптің тілегі мен жүрегіне құлақ түрсең: елдің тұғыры шетсіз, тәуелсіздігі шексіз болса екен дегенді көп естисің. Көптің тілеуі дөп болғай!!!