Талдау барысында Атырау қаласының прокуратурасымен алимент берешігі бар 326 борышкердің соңғы төрт жылда құмар ойындарға 800 млн теңгеден астам ақша аударғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураға сілтеме жасап.
45 борышкерге құмар ойын сайттарына кіруге шектеу қойылды.
Сондай-ақ 11 қаскөй борышкерге қатысты алимент төлеуден жалтару дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 14 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Әрекетсіздік танытқаны үшін 69 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды және 2 жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды.
«Борышкерлерді алимент төлеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК-нің 669 б.) және қылмыстық (ҚК 139 б.) жауаптылық көзделгенін ескертеміз. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау Атырау облысы прокуратурасының қатаң бақылауында», - делінген хабарламада.