221 мың тонна ет импортталды

221 мың тонна ет импортталды

Ет жоқ! Биыл 200 мың тоннадан астам өнімді шетелден алыппыз. Төскейде төрт түлік өргізіп отырып, өзгеге неге телміреміз? Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.

Биыл тұрмыстық техника, жиһаз, қағаз және метал өндірісі артты. 11 айдағы көрсеткіш бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында өсім 5,3 пайызға жеткен. Әсіресе металлургия саласында қарқын жоғары. Өндіріс 2016 жылдан бері алғаш рет 7,2 процентке өсті. Бұған бірнеше ірі кәсіпорындардың өнім шығаруды ұлғайтуы ықпал еткен. Мыс өндіру 13, мырыш 0,8, алюминий 1,5 процентке көбейген. Машина жасау саласында да алға жылжу байқалады. Ауыл шаруашылығы техникасы 15 пайызға, темір жол вагондарын құрастыру 1,6 есе артқан. Тұрмыстық техника өнімдерін шығару да 4 есе өсті. Жиһаз 12,8, қағаз өндірісі 12 процентке көбейіп, оң динамика көрсетті. 

Елімізде 2 млн 428 мың зейнеткер бар. Оларға республикалық бюджеттен 3 трлн 436 млрд теңге зейнетақы төленген. Сомманың 1 трлннан астамы базалық, 2 трлн 354 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақы. Биыл берілген қаржының орташа мөлшері 131 мың теңгеден асқан. 

«Ет дегенде бет бар ма?». Өнімді көп тұтынатынымыз соншалық, импортқа тәуелдіміз. Шет елдерден жыл басынан бері 369 млн долларға 221 мың тонна ет алдырыппыз. Экспорт көлемі көңіл көншітпейді. 66 мың тонна ғана ет шекара асқан. Импорттың жартысына жуығы құс етіне тиесілі. Жалпы соммасы 147 млн доллар болатын 110 мың тонна өнім елге кірген. Ал экспорт 35 мың тоннаға жетті. Сиыр мен қой етінің сыртқы нарыққа жеткізілімі импорттан асып түседі. 17 мың тоннадан астам өнім сатылған. Жылқы мен шошқа еті мүлдем экспортталмаған. Керісінше 7,5 мың тонна өнім елге кірген. Бұл статистика ет өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырғанымызды көрсетеді. 

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 523 теңгеден саудалануда. Еуро 550, Ресей рублі 5,07 теңге болды.