Мұхаметжан Тынышбайұлының 1925 жылы жарық көрген «Материалы к истории киргиз-казахского народа» атты туындысы алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Зерттеуші-тарихшының еңбегіне «Қазақ халқының тарихы» деген атау берілді. Мұхаметжан Тынышбайұлы «халық жауы» деп танылып, ату жазасына кесілгендіктен, оның шығармалары кітапханалар мен қоймалардан алынып, кейбірі жойылып кеткен. Араға ғасыр салып, тарихшының ғылыми жұмысы мемлекеттік тілде басылып шықты. Бұл кітап қазақтың ру-тайпалары туралы егжей-тегжейіне дейін зерттелген ақпараттардан тұрады. Ал, шежіре кесте түрінде көрсетілген. Кітап 1500 данамен басылған, аударма жұмысына жарты жыл уақыт кеткен. Кітаптың жарыққа шығуына Рамиль Мухоряпов демеушілік жасаған.
БАҚЫТЖАН БҰҚАРБАЙ, БАСПАГЕР:
Біз биыл бұл кітапты қазақ тіліне аударып, шығарып отырмыз және бұл тарих ғылымы үшін, оқырман үшін үлкен жаңалық деп айтуға болады. Өйткені, бұл дүние - салмақты деректердің бірі. Біздің өткенімізге, тарихымызға қатысты. Не үшін бұл кітапты оқу керек? Өйткені, бұл кітапта біздің ұлтымыз қалай қалыптасты, біздің мемлекеттігіміз қалай қалыптасты? Бізідң мемлекеттігіміздің тарихы тереңге кететінін, ғасырлап тереңге кететіні туралы үлкен салмақты деректерге сүйене отырып жазылған.