Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте 1 сыныпқа электронды жүйе арқылы қабылданатын болды

  • AstanaTV
  • 22 мамыр 2017
  • 5479

1 сыныптың табалдырығын аттайтын балалар мектепке электронды жүйе арқылы қабылданады. Мұндай жаңашылдық алғаш болып Шымкентте енгізілмек. Білім саласы басшысының айтуынша, бұл өзгеріс тамыр-таныстықты болдырмауға, әрі мектептердегі үш ауысымды жою үшін жасалып отыр. Шахарда биыл шамамен 21 мыңнан аса бала мектепке барады. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

1 сыныпқа электронды түрде автоматты қабылдау жүйесі 1 маусымнан іске қосылады. Ата-аналар енді үйлерінде отырып-ақ, тиісті құжаттарының көшірмесін жүктесе жеткілікті. 

mektep.shymkent.edu.kz, соның ішінде жоғарыға қарасаңыздар, батырма бар «1-сыныпқа қабылдау» деген.

Электронды порталда ата-ана көңілі қалаған білім ұясын өзі тұратын аумақта болмаса да таңдай алады. Тек  орын саны шектеулі. Сайтта мектептің мекен-жайы, білім көрсеткіші және болашақ сынып жетекшісі туралы ақпарат қамтылған. Бағдарламаның мақсаты - сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:

Жалпыға бірдей электронды түрде жасалынып отырған жағдай, бұл жерде адами фактор қатысы жоқ.

Жаңа жүйе мектептердегі бала санын реттеуді көздейді. Шымкенттегі 18 мектепте үш ауысымға  өту қаупі туындаған. Тіпті өткен оқу жылында бір мектепті таңдаушылардың көптігі сонша 1 «Г» сыныбы ашылған.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:

Артық сыныптардың ашылып кетпеуіне, мектепте үшауысымдылыққа жол бермеу бағытында атқарылатын жұмыстар болып табылады.

Мектептерде арнайы ашық есік күндері ұйымдастырылып, порталға тіркелу мен құжаттарды тапсыруды түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал ғаламторға кіру мүмкіндігі жоқ ата-аналар жақын маңдағы мектептерге жүгіне алады. Жаңашылдық туралы ата-аналар пікірі әралуан.

Мақпал Рысбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Жоғары көрсеткішке ие білім ұяларына баланы орналастыру үшін тамыр-таныс іздеп жатады осы ата-аналар. Сондай бір бармақ басты көз қысты әрекеттердің алдын алады.

Елена Рохман, Шымкент қаласының тұрғыны:

Құжаттардың түпнұсқасын  бәрібір жинап өткізесің. Одан бөлек сайтқа тіркейсің, бізде электронды жүйе бір істеп, бір тоқтап қалады. Мәселен, аурухағана портал аштырғанның өзінде жүйкең тозады. Уақыт жоғалтасың. Мұнда да сондай қиындық болмасына кіп кепіл?

Айзада Төребекқызы, тілші:

Құжаттар электронды түрде 30 тамызға дейін қабылданады. Айта кетейік, білім бөлімі мектептерге  жұмысқа орналасуда  да жаңашылдықты ендіріпті. Арнайы бағдарлама арқылы соңғы төрт айда 126 конкурс өтіп, 98 жас маман мұғалімдік қызметке электрондық жүйенің нәтижесінде тамыр-таныссыз-ақ қызметке тұрып үлгерген. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ